2 маусым күні қала әкімі Аян Бейсекин аппараттық кеңес өткізіп, «Екібастұз өңіріндегі эпидемиологиялық жағдай туралы» Екібастұз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бибіжан Тоғаева хабарлама жасады.
Бибіжан Сапарбекқызының сөзіне қарағанда, өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткір ішек инфекциялары, сальмонеллез, А вирустық гепатиті сияқты жұқпалы аурулар көрсеткіштері төмендепті. Десек те қызылшаның өршуі өзекті мәселе болып тұр. Жыл басынан бері 69 жағдай тіркеліпті. Талдау көрсеткеніндей, инфекцияның таралуына вакциналаумен толық қамтымау себеп екен. Қызылша жұқтырған балалардың 58 пайызы ата-аналары рұқсат бермегендіктен егілмеген. Қызылшамен ауырған балалар 7 мектеп пен 4 балабақшада анықталып, ауру ошағын оқшаулау мақсатында егілмеген балалар мекемелерге жіберілмеген. Сөйтіп, 454 баланың 137-сі егілген екен. Әйтсе де қаралған мәселені талқылау кезінде қала әкімі Аян Уахитұлы қабылданған іс-шаралардың әлі де жеткіліксіз екенін айтып, талап пен бақылауды, түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Енді туберкулез туралы сөз қозғайық. Оны жұқтыру көрсеткіші былтырғы жылғы деңгейде —7,7 пайыз. Әйтсе де «Дисконт» пен №2 емханада аталмыш көрсеткіш, тиісінше, 16,2 және 11,7 пайызды құрап отыр.
Бибіжан Сапарбекқызы өз есебінде иесіз ит пен мысықтан зардап шеккендер саны өсіп кеткендігін тілге тиек етті. Адам өміріне қауіп тудыратын мұндай жағдайлардың алдын алу шаралары күшейтілетін болады.
Ж.Бұланбай





