Сүйікті шаһарымыздың қала мәртебесін алғанына 69 жыл толғалы отыр. Соған орай 13 маусым күні мерекелік шаралар ұйымдастырылады.
Атап айтқанда, сол күні ипподромда республикалық ат бәйгесі өтеді. Атқұмарлар құнан жарысты, топ бәйге мен аламан бәйгені тамашалай алады. Жүлде қоры – қомақты. Кешкілік, яғни, сағат 19.00-де «Өнер» мәдениет сарайы алаңында мерекелік іс-шаралар басталып, концерттің бірінші бөлімінде жергілікті өнерпаздар, екінші бөлімінде Қазақстан эстрадасының танымал әншілері Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева, Bayansulu, Еңлік, Ukukmanapo ән шырқайды. Кештің хедлайнері – әлемге танымал әнші Willy William. Сонымен бірге, алаң қапталында қолөнер жәрмеңкесі мен мерекелік сауда-саттық ұйымдастырылады. Мерекелік кеш отшашумен аяқталады.
Қазіргі уақытта мерекеге әзірлік пысықталып, іс-шаралар өтетін аумақтарды абаттандыру және тазалау жұмыстары қолға алынды. Қоғамдық тәртіпті сақтауға жете мән беріліп, 76 полиция қызметкері кезекшілік атқаратын болады. Бұл жөнінде аппараттық кеңесте қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақберген Жұмабаев баяндады.
Ж.Бұланбай



