Өндірістік өңірде экологиялық хал-ахуалға айрықша мән беру маңызды. Өйткені өнеркәсіптік кәсіпорындар қоршаған ортаға біршама зиян тигізетіні белгілі. Осыны ескерген атқарушы билік аталмыш проблеманы қаперде ұстап отыр. Нақтырақ айтқанда, биылғы жылдың 22 мамырында қала әкімдігінде өткізілген кеңесте қала әкімі қала аумағында, сондай-ақ, қала құраушы кәсіпорындардың санитарлық қорғау аймақтарында көшеттер отырғызу жұмыстарына мониторинг жүргізуді ұсынған еді. Осы орайда, 28 мамыр күні Екібастұз қалалық мәслихатының экологиялық тобы «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-інде, «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ-да, «Богатырь Көмір» ЖШС мен «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-ның «Шығыс» кенішінде және Екібастұз жылу энергетикалық орталығында жұмыс сапарымен болып, ондағы соңғы 5 жыл ішінде отырғызылған жасыл желектің жай-күйімен танысты.
Экологиялық топ құрамында – жетекшісі, қалалық мәслихат депутаты Асқар Тәкішев, депутаттар Арман Амургалинов, Мариям Маликова, сонымен бірге, облыстық экология департаментінің басшысы Жомарт Кәрімов, зейнеткер – орманшы Геннадий Пинчук болды. Олар ең алдымен МАЭС-1 станциясының санитарлық қорғау аймағына көлік басын тіреді. Мұнда экологиялық топты кәсіпорынның өнеркәсіп, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Әсет Әкімжанов қарсы алып, мән-жайға қанықтырды. Жауапты тұлғаның сөзіне жүгінсек, 2022-2025 жылдар аралығында санитарлық қорғау аймағына 18037 түп ағаш отырғызылған екен. Жас шыбықтардың жерсіну көрсеткіші – 80 пайыз. Санитарлық қорғау аймағы үш учаскеге бөлінген екен, жасыл желек негізінен станциясының бергі, яғни, қала жағын қамтыпты. Сонымен қатар, былтырғы жылы станция Екібастұз қаласының теміржол бекеті маңында 1000 түп акация, Стела төңірегінде 2900 түп үйеңкі отырғызып, көгалдандыру ісіне әжептәуір үлес қосыпты.
Биылғы көктемде ағаш отырғызған емеспіз. Күзде кірісеміз. 11200 түп ағаш егу жоспарланған. Оның бір бөлігі қала ішінде отырғызылады, – дейді Әсет Әкімжанов.
Кіріспе әңгімеден соң экологиялық топ санитарлық қорғау аймағына қадам басып, былтыр жаз республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында отырғызылған жас шыбықтардың қалайша жерсінгенін өз көздерімен көрді. Рас, бойшаң сүмбіл теректердің бірсыпырасы жапырақ жайып үлгеріпті. Алайда қурап қалғандары да жетерлік. Мұндай көшеттердің түп топырағы әбден құрғап, судың жетіспеушілігінен жарылып кетіпті. Осындай сүреңсіз көріністің куәсі болған орманшы Геннадий Пинчук қайта-қайта басын шайқап, жас шыбықтардың түп шұңқыры әуелде тар болғанын, топырағы дұрыс нығыздалмағанын айтып, сүмбіл терек тәулігіне 80 литр суды қажет ететінін ескертті.
Су демекші, ағаштарды суару міндеті астаналық «ENERGYHOME» ЖШС-іне жүктеліпті. Тендерді ұтып алған кәсіпорын директоры Ерзат Исановтың сөзіне қарағанда, жасыл желек аптасына бір рет суарылады екен. Алайда мердігердің өз міндетін тиянақты атқарып жатқандығына күмән бар. Өйткені іргедегі көлден сорылған, жасыл желекке құйылған судың есебі жүргізілмейді. Яғни, бақылау әлсіз.
Жалпы, соңғы 4 жыл ішінде отырғызылған ағаштардың 80 пайызы жерсінді деген мәлімет күдік туғызады. Осы орайда, экологиялық топ станция өкілдеріне атқарылған жұмысқа мониторинг пен бақылауды күшейтуге кеңес беріп, ары қарай МАЭС-2 станциясына жылжыды.
Мұнда экологиялық топты станция басшылары қарсы алып, қоршаған ортаны қорғау қызметінің бастығы Дәурен Әбелдинов станцияның санитарлық қорғау аймағының аумағы 38 гектар алқапты алып жатқанын баяндады. Жасыл желек отырғызу ісі 2003 жылдан бері қолға алынып, жыл сайын 2000 түп ағаш егілетін көрінеді. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта 15 гектар алқапта жасыл желек жайқалып тұр. Бізге ұсынылған мәліметтерге сүйенсек, мұнда 2022-2025 жылдар аралығында 18000 түп әр түрлі ағаш отырғызылып, соның 55 пайызы жерсініпті.
Былтырғы жылы суаруға, қосымша құн салығын қоспағанда, 16 миллион теңге қаржы бөлінді. Тендерді «ENERGYHOME» ЖШС ұтып алған еді. Биылғы жылы ағаш отырғызу мен күтімге алуға, қосымша құн салығын қоспағанда, 50 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Мердігер ағаштарды аптасына екі рет, күн ыстықта үш рет суарады. Олардың жұмысын бақылауда ұстаймын. Айтпақшы, 2024 жылы отырғызылған жас шыбықтардың жерсініп кетуіне мониторинг жасап, қурап қалған ағаштардың орны қайта толықтырылды, – деді Дәурен Әбелдинов әңгімесінде.
Негізі, МАЭС-1 станциясындағы жағдайға қарағанда, МАЭС-2 станциясының санитарлық қорғау аймағындағы жасыл желектің жағдайы тәуір. Десек те мұндағы жас шыбықтар күтімді жақсарта түсуді қажет етеді. Экологиялық топ мүшелері мен станция өкілдері арасында бұл тұрғыда сөз болып, ұсыныстар айтылды.
Айтпақшы, МАЭС-2 станциясы биылғы жылы ағаш отырғызуды күзде жүргізгелі отыр. Жылдағыдай биыл да 2000 түп әр түрлі жас шыбық отырғызылады.
28 мамыр күні экологиялық топ, жоғарыда айтқанымыздай, «Богатырь Көмір» ЖШС мен «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ «Шығыс» кенішінде де болды. Екі кәсіпорынның экологиялық топқа күнілгері ұсынған мәліметтеріне көз жүгіртсек, соңғы 4 жыл ішінде «Богатырь Көмір» ЖШС-інде 10705 түп ағаш отырғызылып, соның 18 пайызы ғана жерсініпті. Ал «Шығыс» кенішінде жағдай біршама тәуір секілді. 4140 түп ағаштың жартысы жерсінген екен.
Екібастұз қалалық мәслихатының экология мәселелері жөніндегі жұмыс тобының сапары кезінде байқағанымыз, қала құраушы кәсіпорындардың санитарлық қорғау аймақтарындағы жасыл желек қоры әлі де жеткіліксіз. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыс қарқынды өрістетілуі тиіс. Ең бастысы, ағаш отырғызу мен күтуге жыл сайын бөлінетін қыруар қаржы желге ұшпауы үшін жауапты тұлғалар тарапынан мердігерлерге талап пен бақылау күшейтілгені абзал. Сонда ғана жұмыс жемісін беріп, еңбек еш кетпей, экологиялық ахуал да жақсара түспек.
Ж.Жәлелұлы





