Тай ауылында балаларға арналған жаңа ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұл – ауыл бүлдіршіндері үшін көптен күткен қуанышты жаңалық. Заманауи алаңша ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен және белсенді ойындармен айналысуына мүмкіндік береді.
Жоба мердігері – «Резван» ЖШС. Балалар алаңын салуға 15 миллион теңге қаржы жұмсалған. Жалпы аумағы 225 шаршы метрді құрайтын ойын алаңына 10 түрлі ойын және демалыс элементі орнатылған.
Тай ауылында бүгінде 278 адам тұрады. Оның 50-і – балалар. Бұған дейін ауыл бүлдіршіндері ескі әткеншек пен сырғанақты ғана пайдаланып келген еді. Енді олардың заманауи талапқа сай, қауіпсіз әрі кең ойын алаңында асыр салып ойнауына мүмкіндік туды.
Жаңа алаңшаның ашылуы балалардың жазғы демалысқа шығуымен тұспа-тұс келді. Осыған орай ауыл тұрғындары үшін шағын мерекелік шара ұйымдастырылды. Салтанатты рәсімде алаңшаның лентасын көпбалалы ана қиып, тұрғындар атынан игі іске қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді. Іс-шара барысында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин сөз сөйлеп, келер жылы Тай ауылында тағы бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылатынын жеткізді. Ауылдарды дамыту, балаларға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
– Бүгінде ауыл мектебінде 24 оқушы, даярлық сыныбында 2 бала білім алып жатыр. Ал 7 бүлдіршін мектеп жанындағы шағын орталыққа барады. Балалар алаңының ашылуы – бүлдіршіндер үшін зор қуаныш, жазғы демалысқа жасалған тамаша сыйлық болды, – дейді мектеп директоры Жарқын Зейноллова.
Жаңа алаңша ауыл балаларының бас қосатын сүйікті орнына айналмақ. Мұндай нысандар ауылдың көркін арттыра түсері сөзсіз.
Кенже ҚУАТ






