25 мамыр күні «Өнер» қалалық мәдениет сарайында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Мұқағали. Музаға…» атты әдеби-музыкалық кеші өтті. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған бұл қойылым жиналған қауымды поэзия әлеміне жетеледі. Кештің режиссері – Фархад Молдағали.
Ұлттық өнердің қара шаңырағы саналатын балалар мен жасөспірімдер театрының іргетасы сонау 1946 жылдың 4 шілдесінде А.Толстойдың «Алтын кілт» спектаклімен қаланған болатын. Кейіннен 1992 жылы Ғабит Мүсіреповтің 90 жылдық мерейтойына орай театрға ұлы жазушының есімі берілді. Ал 1996 жылы ұжымның 50 жылдық мерейтойы қарсаңында «академиялық» мәртебесі берілді. Бүгінде шығармашылық ордасында 200-ден астам маман қызмет етеді.
Ақынның сыршыл жырлары бұл кеште сахналық пластика, заманауи музыка және актерлік шеберлік арқылы жаңа қырынан көрініс тапты. Театр ұжымы мазмұнды қойылым арқылы көрермен жүрегіне жол тауып, ерекше рухани әсер сыйлай білді. Кеш барысында Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған, ел жадында жүрген танымал әндер орындалып, сырлы өлеңдері оқылды. Сахна төрінде Ернар Амандық, Шұғыла Ешен, Аружан Баймұханбетова, Руслан Әбу, Ұлжан Оразаева, Асыл Сәрсенова, Рахат Жұмаханов, Ұлжан Жақсылық және Шағуан Үмбетқалиев секілді талантты актерлер өнер көрсетті.
Кеште әндерді жанды дауыста шырқап, пианинода сүйемелдеген актер – Ернар Амандық музыка мен поэзияның үндестігіне тоқталды:
– Мен бұл кеште Мұқағали атамыздың сөзіне жазылған әндерді орындап, аспаппен сүйемелдедім. Расында поэзия оқып, монолог айтып тұрған сәтте жанды әуеннің берер әсері бөлек. Дайындық барысында шығармашылық ізденістер де, қызу талқылаулар да болды. Труппамен жұмыс істеудің өз қиындығы мен қызығы бар. Сіздер тамашалаған бұл кеш – түрлі шығармашылық көзқарастардың тоғысуынан туған ерекше дүние.
Жанды дауыста ән шырқаған тағы бір актер – Шағуан Үмбетқалиев ақын мұрасының өміршеңдігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, мұндай музыкалық қойылымдар халыққа өте өтімді әрі жақын. Ақынның шығармашылық жолын бүгінгі қоғамға, әсіресе, жастарға дәріптеу – театр ұжымы үшін үлкен мәртебе.
Ділназ Серікбай





