Екібастұз қалалық мешітінде Құран Кәрімнің 29 және 30-жүзін (параларын) жатқа оқудан облыстық байқау өтті. Рухани сайысқа қала және аудан мешіттерінен келген 22 шәкірт қатысып, білімдері мен жаттау қабілеттерін сынға салды.
Қари шәкірттердің шеберлігін шыңдау үшін ұйымдастырылған байқауда қатысушылар қасиетті Құран аяттарын мәнерлеп әрі қатесіз жатқа айтуы тиіс болды. Сайыс қорытындысында бас жүлдені Ақмешіт мешітінің (Павлодар қ.) шәкірті Арнұр Киреев иеленді. 2-орын Екібастұз қалалық мешітінің шәкірті Арман Хамидке бұйырды. Ал 3-орынды Бижан мешітінің (Павлодар қ.) шәкірті Мақсат Асқарұлы мен Екібастұз қалалық мешітінің шәкірті Жәнібек Омар өзара бөлісті.
Жарыс соңында Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы Нұрсейіт Омаров жеңімпаздарды алғыс хаттармен және қаржылай сыйақымен марапаттады. Содан соң қатысушыларға ризашылығын білдіріп, Құран үйренудің маңыздылығын атап өтті.
– Ислам – ізгілік діні. Бүгінгі рухани шара жастардың бойындағы имандылық пен адамгершілік құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын, – дейді қалалық мешіттің наиб имамы Асхат Қизатұлы.
Кенже ҚУАТ





