Екібастұз өңірінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Шара аясында қала көшелері мен ауылдық аймақтарда жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылау күшейтіліп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте патрульдік полиция взводының командирі, полиция капитаны Алмаз Нұрмағамбетов әңгімеледі.
Спикердің айтуынша, ауқымды шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының санын азайту, қозғалысқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілердің құқықтық жауапкершілігін арттыру.
– Күн сайын қала көшелері мен тас жолдардағы рейдтік жұмыстарға 12 автопатруль және 24 полиция қызметкері жұмылдырылуда. Рейд барысында ауыр зардаптарға әкелетін өрескел заң бұзушылықтарға, соның ішінде жылдамдықты шамадан тыс асыру, мас күйінде көлік басқару және балаларды арнайы орындықсыз тасымалдау деректеріне ерекше назар аударылады, – деді Алмаз Нұрмағамбетов.
Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін бұзудың 87 дерегін анықтаған. Оның ішінде көлікті мас күйінде басқарудың төрт фактісі тіркелген. Мұндай құқық бұзушылық үшін заңнамаға сәйкес 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасы қолданылып, жүргізуші куәлігінен жеті жыл мерзімге айыру қарастырылған.
Сонымен қатар, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ немесе жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтардың рөлге отыру фактісі үш рет тіркелген. Бұл құқық бұзушылық үшін 15 тәулікке қамау және 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл көзделген. Рейд барысында қарсы бағыттағы жолаққа шығудың үш фактісі тіркелген. Мұндай әрекет жүргізуші куәлігінен алты ай мерзімге айыруға негіз болады.
Бұдан бөлек жалған мемлекеттік нөмір пайдаланғандар, жылдамдықты асырғандар және көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды гарнитурасыз қолданғандар да анықталып, тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Тәртіп сақшылары жолдағы қауіпсіздік тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін еске салады.
– Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда барынша мұқият болуға, белгіленген жылдамдықты қатаң сақтауға және өзге қозғалыс қатысушыларына құрметпен қарауға шақырамыз. Жолдағы қауіпсіздік – баршаға ортақ міндет, – деп қорытындылады спикер.
Ділназ Серікбай




