1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы: «Әлхамдулиллаһ, алты миллионға жеттік», – деген еді. Өкініштісі, тарихта адам қолымен жасалған түрлі зұлматтарда қазақ халқының үштен екі бөлігі қырылды. 1897 жылғы санақ қазақ халқының санын 4 миллион 84 мың етіп көрсетіпті. Тарихшы, ағартушы-ғалым Мұхаметжан Тынышпаев қазақтың санын 6 миллионға жуықтата жазған. Ал Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубаев қазақ тарихын зерттеген кеңес тарихшысы Александр Чулошниковтың еңбектеріне сүйене отырып, «1913 жылы қазақтардың саны 8 миллион 260 мыңнан асқан» дейді.
Осы және өзге де деректерді «Отарқа» газетіне берген сұхбатында Республикалық саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы айтып берді.
– Смағұл Елубаев жариялаған деректерге жүгінсек, архивте «Ұлы Октябрь революциясы архиві» деген папка бар екен. Сонда 1917 жылы қазақтардың саны 10 миллион болды деп көрсетілген. 1939 жылғы санақ бойынша 2 миллион 400 мың қазақ қалды дейді. Оның алдында 1937 жылғы санақ өткен: нәтижесі жарияланбады, санаққа қатысқандардың бәрі репрессияға ұшырады. Қанқұйлы өкімет халықтың қойша қырылғанын жасырып баққан сияқты. 1916 жылы Қазақстанның бірқатар өңірінде, соның ішінде Торғай даласында ашаршылық болып, Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгеров, Міржақып Дулатовтар Арқа жақтан мал тасығанын білесіздер. 1918-1921 жылдарды қамтыған Азамат соғысында қанша қазақ қырылды?! 1919 жылы болған ашаршылықта 1 млн 100 мыңдай қазақ қырылды деген дерек бар. 1921 жылы – Азамат соғысынан кейінгі кезеңде қуаңшылық болып, аштықтан тағы 1 млн. 700 мыңдай қазақ қырылды. Ашаршылықтан өтіп, халық есін жия бастаған кезде – 1925 жылы дін қызметкерлерінің соңына түсіп, жер аудартатынын аударып, ататынын атып, түрмеге қамаған. Одан кейін, 1928 жылы, Голощекин қазақ қайраткерлерінің айтқанына көнбей, «қазақтың жеріне кіші октябрь орнату керек», – деп, мәжбүрлі ұжымдастыруды бастады. Яғни, байлардың малын тартып ала бастады. Елді ел етіп отырған байлардың малын тартып алу үлкен қырғынға ұшырататынын білген қазақ Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліске шыға бастады. Түрлі деректер «қазақтар Кеңес үкіметіне қарсы 1929-1932 жылдары 273 рет көтеріліске шықты» десе, саяси репрессия құрбандарын ақтау комиссиясының деректері 560-тан аса көтеріліс болғанын нақтылады. Ол көтерілістің бәрі қарулы күшпен басылып отырды. Алайда бұл көтерілістер Кеңес үкіметін төңкеріп тастауға бағытталмаған, халық тек өз балаларын аштан өлтірмеу қамымен амалсыздан көтерілді. Десе де 1932-1933 жылдары халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Осының бәрін қоссақ, шығынға ұшыраған халық саны 6 миллион 800 мыңға барып қалады. Бірақ бұл деректің ішінде Азамат соғысы мен 1929-шы жылдары қырылған қазақтардың дерегі жоқ. Сонда кезінде қазақ халқының саны он миллион болған деуге сенуге болады. 1939 жылы 2 млн 400 мың қалған болса, аз ғана уақыт ішінде халқымыздың 77 пайызы қырылған. Патшалық Ресей қазақтың жерін қалай басып алу керегін ойлап, шоқындыру, шіркеулер салу арқылы қазақтың жерін иемдене берді. Бірақ нағыз сойқан 1917 жылы большевиктер жеңіске жеткеннен кейін басталған. Қазақты нақты жою саясатына кіріскен.
Азамат соғысы жүріп жатқан кезде большевик-эмиссар Таболин: «Қазақтар – болашағы жоқ халық, олар қырыла берсін. Біз олардың малымен қызыл әскерді асырауымыз керек», – деген. Міне, шовинистердің қазаққа деген пиғыл, көзқарасы осындай болған. Шетелге шығып бара жатқан халықты пулеметпен атқан деген деректер бар. Ал Қарағанды облысында дала қырылған адамдардың сүйегінен аппақ болып қалғандықтан, Ақсүйек дала аталған жер бар. Жантүршігерлік деректің бірі – адам өз баласының етін жеуге дейін барған. Мысалы, Семейде қырылған балалардың сүйектерін қыста жерлемей, ағашты үйгендей үйіп тастаған деген деректер бар. 30-шы жылдардың аяғында тері салығы, май салығы, сүт салығы, қысқасы, қазаққа салынбайтын салық болмаған. Егін екпейтін қазаққа астық салығын салған.
Жұмабек Ашуұлының айтуынша, 2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен арнайы құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия жұмысы кезінде КГБ ұйымының жасырын архивтерінің бәрі ашылған. Қазіргі күні комиссия жұмысы толық аяқталды. Өкінішке қарай, жарыққа шықпай қалған ақиқат аз емес.
– Голощекиннен құтылып, билік басына Мирзоян келген соң, 1936 жылы Автономиялық Қазақстанды одақтас республикаға айналдырды. Ол кезде одақтас республика болуға халық саны жетпейтін. Сонда да одақтас республика қатарына қосып, театрлар салып, оқу орындарын аша бастады. Мирзоянның Сталинге жолдаған «Біз халық жауларын құртып жатырмыз. Олар әлі де толып жатыр, бізге оларды жоюға тағы квота беріңіз» деген телеграммасын өз көзіммен көрдім. Бұл – 1937-38 жылдарда оққа ұшқан, итжеккенге айдалған қазақ зиялылары туралы. Құжаттарды сөйлетсек, 1938 жылғы 25 ақпанда 39 адам атылған, күн сайын отыздан, одан көбейте отырып 58-59 адамға жеткізген. Екі күннің архиві табылмады, үш күн демалыс болған, сонда 1938 жылдың 25 ақпаны мен 16 наурызы аралығындағы 15 күннің ішінде 641 адамды атқан. Жалпы, 130 мыңдай адам репрессияға ұшыраған, 25 мыңдайы атылды. Қазақ халқы «Мырзажан» деп әспеттеген Мирзоянның 120 жылдығын Алматыда кең көлемде атап та өткенбіз. Әлгі құжатты көргеннен кейін Мирзоян көшесін академик Шапық Шөкиннің атына, Астанадағы көшесін Қаныш Сәтбаевтың атына өзгерттірдік. Голощекин 1928 жылы Алашорда қайраткерлерінің бәрін түрмеге тоғытты. Ал 1937-38 жж. Мирзоян зиялы қауымды қырды. Алматыдағы Төле би көшесі, 228 мекенжайында барак типтес ғимарат бар, ол 1928 жылдан түрме болған. Алаш қайраткерлері сол түрмеде отырды. ОГПУ-НКВД кезінде ғимараттың арнайы салынғанына қарап биліктің репрессияға ерте дайындалғанын білуге болады. Бүгінде ғимарат жекенің қолында: тарихи орынға айналдырамыз деген ниетіміз іске аспай келеді. Көңілге бір демеу етерлік жайт, 2017 жылы, Алматының сол кездегі әкімі Бауыржан Байбектің ұйытқы болуымен Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Қарағайлы» саябағында 1931-1933 жылдардағы аштық құрбандарына мазмұнды ескерткіш орнатылды. Қола мен граниттен жасалған биіктігі 3 метр бұл ескерткіште сәулетшілер Қанат Бегулиев, Айдос Бүркітбаев және Дулат Үсенбаевтар аштықтан бұратылған сәбиіне қорған бола алмаған ананы бейнелеген. Баланың көзі жұмулы, анасын құшақтауға әлі жоқ. Ана табанының астында төңкерілген қазан жатыр.
Жұмабек аға сөз сөзінде М.Шаханов бастаған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы жанынан құрылған желтоқсан оқиғасына байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия оқиға кезінде көз жұмған 168 адамды анықтап, комиссия жұмысы аяқ астынан тоқтатылғанын да тілге тиек етті.
– Желтоқсан жайын зерттеу Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия жұмысының бағдарламасына да кірмей қалды. 1989 жылы көтеріліске шыққан әзербайжан халқы «Совет үкіметінің ыдырауына себепкер болған – біздің көтеріліс» деп ЮНЕСКО шеңберінде бекітіп алды. Олардан үш жыл бұрын билікке наразылық білдіріп алаңға қазақ жастары шығып еді ғой?! – дейді ол.
Талай тарихи құжатты көзбен көріп, ақтаңдақ парақтарды ақтарған, тіпті кезінде Алаш азаматтары қамалған түрмені жекеменшікке өткізбеймін деп бес жыл тапжылмай күзеткен Жұмабек Ашуұлының аңсаған арманы, көздеген мақсаты аз емес.
– Қазаққа осыншама қорлық, зұлмат орнату деген – ешқашан кешірілмейтін күнә. Осыншама қыспақтан, осыншама нәубеттен аман қалып, бүгін тәуелсіздігімізге жетіп отырмыз. Бірақ оны міндетті түрде қазаққа жасалған геноцид ретінде халықаралық деңгейде мойындатуымыз керек, – дейді ағамыз.
Жанаргүл Қадырова






