– Балам, қой да Алланың жаратқан жануары. Қолыңа шопан таяғын ұстаған соң, ендігі обал-сауабы сенің мойныңда. Ауру-сырқауынан емдеу, өргізіп, қотанға кіргізу, ашықтырмау – сенің міндетің. Әрі қоралы қой – біздің асыраушымыз. Мұны жадыңнан шығарушы болма. Бейнетін көрсең де, кейіме, малға жекіме …
Шаруашылықта көп жыл бойы бойдақ қой отарын баққан майдангер әкесі Қызғара Ақылшинов баласы – Бөкен бозбала шағында саулық қой отарын қабылдап алып, шопан таяғын ұстағанда осылайша өсиеттеп еді. Әке сөзіне де, ата кәсіпке де адалдық танытқан Бөкен Қызғарин 1957 – 1979 жылдар аралығында «Ақкөл» кеңшарының №2 фермасы – Зеленая роща ауылында аға шопан болып еңбек етіп, биязы жүнді қой өсірудің майталманына айналды. Еңбегі жанып, жиырма тоғыз жасында 1970 жылы Ленин орденін өңіріне қадап, отыз екі жасында 1973 жылы Социалистік Еңбек Ері атанып, кеудесінде Алтын жұлдыз жарқырады! Қазақстанға есімі әйгіленген шопан жігітті ауылға атағымен құттықтап келушілер қатарында ақын Сырбай Мәуленов те болып, Бөкен ағаға шумақ-шумақ жыр арнап еді…
Биылғы жылдың 5 маусымында 85 жасқа толғалы отырған Бөкен ақсақалдың өмірбаянына үңілсек, осылайша сыр шертеді. Әрине, мұндай тау тұлғалар мерейтойында ағыл-тегіл сый-құрмет көрсетуге әбден лайық. Осы орайда, 24 мамырда Ақкөл ауылында батырдың құрметіне арналып көкпар өткізілді. Ауыл әкімі Ерлан Қабылтаев пен Екібастұз қаласы Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Еркін Құсанның бастамасымен ұйымдастырылған додаға ақкөлдік «Сайфуллах» командасының ересектері мен жастары жеке-жеке команда құрап, сонымен қатар, Аққулы ауданы мен Ақтоғай ауданы Шұға ауылының көкпаршылары бір команда құрап қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Мырзағали Ерғалиев, Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты, «Табыс» шаруа қожалығының иесі Манат Алғамбаров, журналист-жазушы Жассерік Сәдуақасов құттықтау сөз сөйлеп, той иесі – Бөкен қария ақ батасын берген соң көк серке топқа тасталды.
Бірінші ойында ересектер командасы жастар командасын 5:4 есебімен тізе бүктірді. Екінші ойында жастар командасы құрама командамен ойнап, 3: 2 есебімен жеңіске жетті. Ақкөлдік ересек көкпаршылар үшінші ойында қонақтар командасынан басым түсті. Ақкөл – Жайылма өңірінде көкпардың дамуына айрықша үлес қосқан ардагер көкпаршы Дәурен Жандарбеков ойындарға шолушы-комментатор болып, ұлттық дәрежедегі төреші Оразәлі Шөпшин әділ төрешілік етті.
Көкпар ойынына демеуші болған Манат Қажыбекұлы жүлде қорына 300 мың теңге қаражат бөлген екен. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға Жастар бастамаларын дамыту орталығы әзірлеп әкелген дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Айтпақшы, осы орталық дайындаған көлемді баннер де жарысқа көрік беріп тұрды.
Жарыс аяқталған соң қонақтар мен көкпаршыларға ауыл асханасында ас берілді. Ауыл әкімі Ерлан Қабылтаев мерейтой иесін құттықтап, иығына шапан жапты. Дәл осындай құрметті Бөкен ағаға ауылдасы Манат Алғамбаров та көрсетіп, оқалы шапан кигізді. Әңгіме-дүкенмен өткен дастархан басында дәстүрлі әншілер Сұңғат Көпежанов пен Қуат Кәрімов құлақ құрышын қандырып ән шырқап, жергілікті әкімдік пен клуб қызметкерлері, ауыл жігіттері мен қыз-келіншектері ілтипатпен қызмет көрсетіп, Бөкен қарияның батасын алды.
Ж.Жәлелұлы, Ақкөл ауылы







