Өңіріне алтын жұлдызын қадаған Бөкен қарияны өлеңтіліктер құшақ жая қарсы алды. Өлеңті-Тай ауылының байырғы тұрғындары батыр ағамен жүзбе-жүз таныс, болмыс-бітімін, елге сіңірген еңбегін жақсы біледі. Өйткені шопан таяғын ізбасарына ұстатқан соң, Бөкен Қызғарин Алатаудың бөктеріндегі Алматы қаласына аттанып, 1979-1983 жылдары Жоғарғы партия мектебінде оқыған. Содан соң «Өлеңті» кеңшарында көп жыл жұмысшылар кәсіподағы комитетінің төрағасы, ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет атқарып, ауылдың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына үлесін қосқан.
Міне, сондықтан да Бөкен аға өлеңтіліктер үшін өз адамы болып саналады. Сонымен,
24 мамыр күні Өлеңті-Тай ауылында жуырда 85 жасқа толғалы отырған Бөкен Қызғариннің құрметіне волейболдан жарыс ұйымдастырылды.
Мектептің спорт залында өткен жарысқа сегіз елді мекеннен командалар келді. Турнирдің ашылу салтанатында Бөкен ағаның мерейтойына орай өткізілетін іс-шаралардың басы-қасында жүрген азамат Мырзағали Ерғалиев сөз сөйлеп, мерейтой иесінің еңбек жолы жайлы әңгімелеп берді. Келесі кезекте сөз алған қадірменді қария Аманай Балабеков замандасын құттықтап игі тілектер тілеп, волейбол добын ойынға қосу рәсімін жасады. Біреу білер, біреу білмес, Аманай Балабеков кезінде әйгілі волейболшы болған, «Өлеңті» кеңшарының командасымен облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жеңімпаз, жүлдегер атанған.
Турнирдің ашылу салтанатын мәдени қызметкер Армангүл Әлина көркем сөзбен өрнектеп, жергілікті мектеп оқушылары Нұртөре Төлеутеміров пен Мансұр Қайырханов ақын Жанаргүл Қадырованың «Үш жұлдыз» өлеңін мәнерлеп оқып шықты. Бұл өлең Екібастұз өңірінен шыққан Социалистік Еңбек Ерлері Қали Қаленов пен Бөкен Қызғаринге, Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміреновке арналып жазылғанын айта кету ләзім.
Мектеп мұғалімі Қуаныш Мұхтарова домбырада «Өлеңтіде ауылым» әнін келістіре шырқап, Меруерт Оралова тәрбиелеген жас бишілер заманауи би билеп, әдемі көңіл күй сыйлады. Осыдан кейін екі топқа бөлінген сегіз команда ойынға кірісті.
Бөкен ағаның құрметіне орай өткізілген іс-шара волейбол жарысымен шектелмей, ауқымы әлдеқайда кең болып шықты. Батыр ағамызды ортаға алған Аманай Балабеков, Қабдылуахит Ибраев сияқты қариялар музейде болып, мектеп директоры Жарқын Қанатқызы кеңшар тарихынан сыр шертетін фотостендтермен және экспонаттармен таныстырды. Осыдан соң жиналған қауым Солтан қожа мешітіне бет алды. Имандылық үйінде имам Серік Қажығалиұлы аруақтарға құран бағыштап, Бөкен қарияға сый-сияпат жасады. Құлшылық жасап шыққан қауым қолдарына күрек алып, мешіт ауласына тоғыз түп сүмбіл терек отырғызды. Игілікті істі атқаруға қарияларға ауыл әкімі Жанат Ибраев, қалалық мәслихат депутаттары Арман Иманқұлов пен Еркін Құсан, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Жасұлан Сәдуақасов, ауыл азаматтары Талғат Балабеков, Ерсағат Әшіров, Ермұрат Шәйкенов және тағы басқалары көмектесті.
Бұл уақытта мектептің спорт залында ойындар қызып жатқан-ды. І топ командалары арасынан «Өлеңті-1» командасы топ жарды. Екінші орынға Шиқылдақ ауылы командасы табан тіреді. ІІ топта бірінші орынды Төртүй ауылының командасы иеленіп, екінші орынды Ақкөл ауылының командасы еншіледі. Турнир ережесіне сәйкес, өз тобында екінші орын алған шиқылдақтықтар мен ақкөлдіктер үшінші орынды сарапқа салды. Шиқылдақ ауылының волейболшылары тартысты ойында жеңіске жетті. Ал төртүйлік волейболшыларды екі партияда ұтқан өлеңтіліктер турнир жеңімпазы атанды.
Жалпы, жарыста Сарықамыс, Қоянды ауылдары, «Өлеңті-2» және ардагерлер командалары да тамаша өнер көрсеткенін айтқан жөн.
Турнирдің қорытындысын Екібастұз ауылдық округінің әкімі Жанат Ибраев пен мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі Ермұрат Шәйкенов шығарды. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға дипломдар, медальдар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Жүлде қорына қаражатты Өлеңті орта мектебінің 1992 жылғы түлектері құйыпты. Сол жылғы түлектер Бөкен ағаның о дүниелік болған ұлы Сағындықпен мектепте бірге оқыған екен.
Әдеттегідей турнирдің таңдаулы ойыншылары анықталды. Атап айтқанда, шиқылдақтық Назарбай Уразалинов «Үздік шабуылшы», төртүйлік Ермұхан Құсайынов «Үздік ойыншы» атанып, ардагер спортшы Жасұлан Сәдуақасовқа, өлеңтілік Тілеубек Шәрапқа, сарықамыстық Асанәлиге, ақкөлдік Бақытжан Нұрғалиевке сый-сияпат жасалды. Оған Өлеңті-Тай ауылының тумалары Арман Иманқұлов пен Ермек Мерғалиев демеушілік етті. Ал қонақтар мен спортшыларға жасалған дастархан мәзірін облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Серік Сәдуақасов пен ауыл азаматтары көтерді.
Айтпақшы, Өлеңті ауылынан батыр ағамыз Бөкен Қызғариннің мерейі өсіп қайтты. Ауыл әкімі Жанат Ибраев өлеңтіліктердің, Ерболат Байғожин Елқонды ұрпақтары атынан ақсақалға шапандар кигізіп, «Нұрлан» шаруа қожалығының иесі Нұрлан Обаев шапан атап, ат мінгізді.
Ж.Жәлелұлы




