Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қала әкімі Аян Бейсекиннің ауыл тұрғындарымен есептік кездесулері жалғасуда. Бұл жолы шаһар басшысы Көксиыр ауылының халқымен жүздесіп, тұрғындарды толғандырған мәселелерді тыңдады.
Бүгінде Көксиыр ауылында Талдықамыс елді мекенінің тұрғындарын қоса алғанда 109 адам тұрады. Кездесу дәстүрлі түрде ашық сұрақ-жауап форматында өтіп, ауыл азаматтары өздерін алаңдатқан маңызды мәселелерді ортаға салды.
Тұрғындар көтерген негізгі мәселелердің бірі – электр энергиясының сапасы. Ауыл тұрғыны Ғабит Айтмағамбетов электр желілерінің тұрақсыздығы халыққа қолайсыздық туғызып отырғанын айтып, жағдайды реттеуге көмектесуді сұрады. Қала әкімі инвестициялық бағдарлама аясында ауылға трансформатор орнату жоспарда бар екенін, алайда жобаның жүзеге асуы қаржы мәселесіне байланысты екенін айтты.
Кездесу барысында жол мәселесі де кеңінен сөз болды. Ауыл тұрғындары қатынас жолдарының нашарлығы елді мекеннің дамуына кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.
Аян Уахитұлының айтуынша, маусым айындағы бюджетті нақтылау кезінде жол жөндеу мәселесі қаралмақ.
– Ең алдымен жолға қиыршық тас төсеп, қатынасты жақсартуды қолға аламыз. Ал алдағы жылдары асфальт төсеу мәселесін кезең-кезеңімен қарастырамыз, – деді қала әкімі.
Талдықамыс ауылының тұрғыны екі ауыл арасындағы қатынас мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ауылдарды бөліп тұрған өзенге бұған дейін екі рет көпір салуға қаржы бөлінгенімен, нысандарды су шайып кеткен. Қазіргі таңда ауылда жеті-ақ үй қалған, тұрғындар өзеннен қайықпен қатынауға мәжбүр. Бұл мәселені де әкім назарға алды.
Қыс мезгіліндегі жол тазалығы да ауыл жұртшылығын алаңдатады. Қалың қар жауған уақытта жол жабылып қалып, ауыл ішінде жүрудің өзі қиындай түседі. Осыған байланысты қала әкімі техникалары бар жергілікті кәсіпкерлерді қар тазалау жұмысына тарту жөнінде ұсыныс білдірді.
– Ауылдың жолын тазалауды осындағы техникасы бар бір кәсіпкер өз мойнына алсын. Бұл жұмысқа бюджеттен қосымша қаржы бөлуге дайынбыз, – деді Аян Бейсекин.
Осы күні Көксиыр ауылында жаңа шағын саябақтың ашылу рәсімі өтті. Ауыл азаматтарының өз күштерімен салынған саябақтың ашылуына қала әкімі Аян Бейсекин, қалалық мәслихат депутаты Манат Алғамбаров та қатысып, тұрғындармен бірге саябақ аумағына ағаш көшеттерін отырғызды.
Жаңа саябақ ауылдың көркін арттырып, тұрғындарды ортақ іске ұйыстырары сөзсіз.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ



