Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру секторының меңгерушісі Сұлушаш Ибраева 2025–2026 оқу жылының аяқталуы мен қорытынды емтихандарды өткізу тәртібі туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, биыл қазақ тілі пәні бойынша аралық емтихан 26, 28 және 29 мамыр күндері өтеді. 5, 6, 7, 8 және 10-сыныптардан жалпы 10 481 оқушы аралық емтихан тапсырады. Оның ішінде 4852 оқушы – қазақ сыныптарында, ал 5629 оқушы – орыс сыныптарында оқитындар.
Биыл 9-сыныпты жалпы 2032 оқушы аяқтайды. Оның 940-ы қазақ тілінде, 1092-сі орыс тілінде білім алған. Ауыл мектептеріндегі түлектерінің 175-і қазақ тілінде, 69-ы орыс тілінде білім алған. Сонымен қатар, 9-сыныптарда 114 оқушы үздік атанған.
11-сыныпты бітірушілер саны – 1109. Оның ішінде 605 оқушы қазақ тілінде, 504 оқушы орыс тілінде білім алды. Ауылдық жерлердегі 175 оқушы биыл мектеппен қоштасады. «Алтын белгіге» үміткерлер саны 59 болса, үздік аттестатқа үміткер түлектер саны – 52.
Брифинг барысында қорытынды емтихандардың мерзімі де айтылды. 9-сынып оқушылары 29 мамыр мен 11 маусым аралығында математикадан, қазақ тілінен (эссе), орыс тілі мен әдебиеті және таңдау пәнінен емтихан тапсырады. Ал 11-сынып түлектері 2-15 маусым аралығында Қазақстан тарихынан ауызша емтихан, алгебра және анализ бастамалары, оқу тілі (эссе), таңдау пәні, сондай-ақ, қазақ немесе орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сынақтан өтеді.
9-сынып түлектеріне аттестаттар 12 маусым күні берілсе, 11-сынып оқушыларына салтанатты түрде 18 маусымда табысталады.
Ділназ Серікбай



