20 мамыр күні Солнечный кенті мен Теміржол ауылдық округінде жаңадан сайланған әкімдерді таныстыру рәсімі өтті. Жергілікті тұрғындардың қатысуымен өткен саяси науқан нәтижесінде қос елді мекенге жаңа басшылар тағайындалып, олардың алдағы жұмыс бағыттары айқындалды.
Екібастұз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Әсем Оспанованың мәліметінше, Теміржол ауылдық округі бойынша сайлаушылар тізіміне 634 адам енгізілген. Оның 425-і, яғни, 67 пайызы дауыс беруге қатысқан. Нәтижесінде 290 тұрғынның қолдауына ие болған Бауыржан Жанайдаров ауылдық округ әкімі қызметіне сайланды.
Бауыржан Төкенайұлы 1985 жылы Баянауыл ауданының Сәтбаев ауылында дүниеге келген. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Режиссер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жалпы еңбек өтілі – 11 жыл.
Еңбек жолында Шадыра жалпы орта білім беру мектебінде мұғалім, Қоянды ауылдық клубының меңгерушісі, «Өнер» қалалық мәдениет сарайында дыбыс технигі, «Атамұра» мәдениет орталығында клуб меңгерушісі қызметтерін атқарған. Жаңа қызметке дейін Шідерті кентіндегі «Юбилейный» мәдениет үйі басшысының міндетін атқарып келді.
Сонымен қатар, Солнечный кентінде өткен сайлауға кент әкімі лауазымына үш үміткер қатысты. Дауыс беруге тұрғындардың 50,1 пайызы, яғни, 1778 адам қатысып, олардың 1139-ы Асфандияр Тұрлыбековке сенім білдірді.
Асфандияр Қанатұлы – Екібастұз қаласының тумасы. Жалпы еңбек өтілі – 12 жыл, оның ішінде мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі – 8 жыл.
Әр жылдары «Авиациялық оқу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде менеджер, Павлодар облысы полиция департаментінде жол полициясы қызметкері, «Диас-Дар» ЖШС-нің директоры болып еңбек еткен. Осы лауазымға дейін Екібастұз қаласы әкімінің жұмылдыру жұмыстары, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспектор қызметін атқарған.
Жаңа әкімдерді таныстыру барысында қала басшысы олардың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын күшейту, әлеуметтік мәселелерді уақытылы шешу және халықпен кері байланысты нығайту қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде Асфандияр Тұрлыбеков тұрғындардың сенім білдіргеніне алғыс айтып, кенттің дамуы жолында аянбай еңбек ететінін жеткізді.
– Сіздердің сенімдеріңізбен әкім қызметіне сайланып отырмын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Маған қолдау білдірген баршаңызға шынайы алғысымды айтамын. Жүктелген міндеттерді адал атқарып, кентіміздің дамуына бар күшімді саламын. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері әрдайым ескеріліп, ашық әрі тығыз байланыста жұмыс істейтін боламыз, – деді ол.
Ділназ Серікбай





