Ақкөл ауылдық округінде қала әкімі Аян Бейсекиннің халықпен кездесуі өтті. Жиынға Ақкөл, Зеленая роща және Жақсат ауылдарының тұрғындары қатысып, елді мекендердегі өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу барысында шаһар басшысы ең алдымен ауыл тазалығы мәселесіне тоқталды.
– Құрылыс материалдары мен шығарылмай жатқан қалдықтардан арылу керек. Тазалық әр шаңырақтан басталады. Сондықтан әрқайсыңыз өз аумағыңызды күтіп ұстауға мән беріңіздер. Әкімдік тарапынан да жұмыстар атқарылып жатыр. Енді осыны бірге сақтайық, – деді Аян Уахитұлы.
Кейін сөз кезегі тұрғындарға берілді. Мемлекеттік қызмет ардагері, зейнеткер Қабдылқайыр Райымқұлов ауылда атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, ақсақалдар атынан ақ батасын берді. Ал ақкөлдік зейнеткер Дүйсенбек Оспанов ауылға баратын жолдың сапасы жақсарғанын айтып, ендігі мәселе жол белгілерінде екенін жеткізді.
– Құм карьерінен ауыр жүк көліктері қатынайды. Бірақ ескерту белгілері жеткіліксіз. Мал өтетін аймақ екенін білдіретін белгілер де қажет, – деді тұрғын.
Бұл мәселеге қатысты қала әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен полиция басқармасына тапсырма берді. Сонымен қатар ол мал иелерінің жауапкершілігіне де тоқталды.
– Бұл тек жол белгісіне байланысты мәселе емес, бұл – адамның мәдениеті мен жауапкершілігі. Белгі қойылғанымен, малын қараусыз жіберу тоқтамайды. Заң бойынша жол-көлік оқиғасына себеп болған малдың иесі міндетті түрде жауап береді. Егер адам шығыны болса, қылмыстық іс қозғалады. Сондықтан әр адам өз малына жауапкершілікпен қарауы керек, – деді қала әкімі.
Осы орайда Аян Уахитұлы округ әкімі Ерлан Қабылтаевқа ірі қара мен жылқы басының толықтай таңбаланып, чиптелуін қадағалауды тапсырды.
Жиында Исабек ишан кесенесіне апаратын жолды жөндеу жұмыстары жайлы да айтылды. Қала әкімінің айтуынша, республикалық бюджеттен қаржы толық бөлінген бойда құрылыс қайта жалғасады. Тұрғындар Жақсат ауылына апаратын жеті шақырым жолдың жайын да сұрады. Бұл мәселенің келесі жылдың жоспарына енгізілетінін айтқан шаһар басшысы өңірдегі жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.
– Барлық бағыттағы кіреберіс жолдарды, аудандық және облыстық маңызы бар жолдарды ретке келтіріп жатырмыз. Қазір Төртүй мен Тай бағытындағы жолдар күрделі мәселе болып тұр. Биыл қиыршық тас төсеу жоспарда бар. Шағын елді мекендер де назардан тыс қалмайды. Барлығын ретімен жасаймыз. Бұрын болмаған жұмыстар атқарылып жатыр, сондықтан сабыр сақтап, түсіністік танытуларыңызды сұраймыз, – деді ол.
Кездесу барысында қыстан қалған мал өлекселерін шығару, ауылішілік жарық шамдарының жағдайы, ветеринарлық мәселелер де көтерілді.
Жиын соңында сөз алған Махамбет Башар жергілікті халыққа алғысын білдірді. Түркістан облысының тумасы мемлекеттік көші-қон бағдарламасы арқылы солтүстік өңірге қоныс аударған екен.
– 2018 жылы бағдарлама бойынша Павлодар облысына көшіп келдім. Өткен жылы Ақкөл ауылында жаңа үйлер салынып жатқанын естіп, осында қоныс аудардым. Уәде етілгендей, баспанамен қамтамасыз етілдік. Қазір Ақкөл жалпы орта білім беру мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етемін. Халықтың қолдауы мен қонақжайлығына ризамын, – деді ол.
Ділназ Серікбай



