Төртүй ауылында жаңа кірпіш зауыты іске қосылып, елді мекеннің тынысына серпін беретін ауқымды жоба жүзеге асты. «НСБ» ЖШС директоры Мадрид Жұмадильдинов ашқан өндіріс орны бүгінде айына 1 миллион 200 мың дана күйдірілген қызыл кірпіш шығарады. Кәсіпкер бұл жобаны толықтай өз қаражатына жүзеге асырып, зауыт құрылысына 200 миллион теңге инвестиция салған. Жаңа өндіріс орны ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, болашақта Төртүйге жаңа тұрғындардың көшіп келуіне де ықпал етпек.
Жұмысшылар зауыт ауласына күйдірілген кірпіштерді қалап, тұтынушыға дайындап қойыпты. Кірпішке жекелеген адамдардан тапсырыс көп түседі екен. Бүгінде мұнда 65 адам екі ауысыммен еңбек етеді.
– Әзірге іске қосу және реттеу кезеңі жүріп жатыр. Сертификаттардың бәрі жақын күндері қолға тиеді. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жұмысшылар үшін арнайы жатын орны мен тамақтану жағы қарастырылып, барлық қажетті жағдай жасалған, – дейді директор Мадрид Жұмадильдинов.
Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін айына 2 миллион кірпішке дейін арттыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қосымша екі пеш сатып алынбақ. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда зауытқа тағы отызға жуық жұмысшы қажет.
– Зауытқа жұмысшылар қабылдаймыз. Әлі де отыз шақты адам – жұмысшылар, кірпіш күйдірушілер және құрылғы операторлары қажет, – дейді басқарушы директор Радмир Ханпанов.
Бүгінде зауытта тек Төртүй ауылының тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы ауылдардың адамдары да еңбек етіп жүр. Сырттан келген жұмысшылар үшін ауылда арнайы жатақхана дайындалған. Алайда жұмыс орындарының көбеюіне байланысты баспанаға деген сұраныс та артып келеді. Осыған байланысты зауыт басшылығы жатақхананы кеңейтіп, көшіп келетін азаматтар үшін тұрғын үйлер салуды жоспарлап отыр.
Бұл жоба Төртүй ауылы үшін жай ғана өндіріс орны емес, ауылдың дамуына жол ашатын маңызды бастамаға айналмақ. Жұмыс орындары көбейген сайын ауылға адамдар көшіп келіп, халық саны артады. Соның нәтижесінде жаңа үйлер салынып, ауыл жандана түспек.
Жаңа өндіріс орнын көруге Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин мен қалалық мәслихат депутаты Манат Алғамбаров келді. Олар зауыттың жұмысымен танысып, цехтар мен пештің жұмысын көрді, еңбеккерлердің жағдайын сұрады. Сондай-ақ, нысан басшысының алдағы жоспарларына оң бағасын берді.
Төртүй ауылында ашылған кірпіш зауыты ауыл экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға зор үлесін қосады.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ








