Сейсенбіде өткен қала әкімдігінің аппарат мәжілісі жаңадан тағайындалған әкімдерді таныстырудан басталды: Солнечный кентінің әкімі болып Асфандияр Тұрлыбеков сайланса, Теміржол ауылдық округінің әкімі қызметіне Бауыржан Жанайдаров кірісті.
Асфандияр Қанатұлы Тұрлыбеков әр жылдары «Авиациялық оқу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджері, Павлодар облысы полиция департаментінің жол полициясы қызметкері, «Диас-Дар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып еңбек еткен. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Екібастұз қаласы әкімінің жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы лауазымын атқарған. Жалпы еңбек өтілі – 12 жыл, мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 8 жыл.
Бауыржан Төкенайұлы Жанайдаров 2021 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Режиссер» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек өтілі 11 жылды құрайтын Жанайдар Төкенайұлы бұрын Шадыра жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі, Қоянды ауылдық клубының меңгерушісі, «Өнер» қалалық мәдениет сарайында дыбыс технигі болып еңбек етті. Осы лауазымға дейін Шідерті кентіндегі «Юбилейный» мәдениет үйі басшысының міндетін атқарған.
Сонымен қатар, 15 мамырдан бастап меритократия қағидаты бойынша ауысу тәртібімен әкімнің өкімі негізінде ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы лауазымына Азамат Жұмажанұлы Көпежанов тағайындалды. 2005 жылы
С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетін «Агрономия» мамандығы бойынша тәмамдаған Азамат Жұмажанұлының мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 17 жыл, бұдан бұрын ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман, сектор меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Шаһар басшысы жаңа қызмет тізгініне ие болған азаматтарға сәттілік тіледі. Біз де өз кезегімізде атқа мінген азаматтар ел игілігі жолында адал тер төгеді деп сенейік.
Ж.ӘБДІКӘРІМ



