Мемлекет басшысы өз Жолдауларында және отандық бизнес өкілдерімен өткен кездесулерде экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, микробизнеске жағдай жасау қажеттігін үнемі баса айтып келеді. Президент тапсырмасы қалай жүзеге асып жатыр?
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Медет Шоқанов кәсіпкерлік субъектілеріне өңірімізде қандай қаржылық қолдау көрсетіліп отырғанын баяндады.
– Өңірімізде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында оң динамика байқалады. 1 мамырдағы жағдай бойынша (Ұлттық статистика бюросының Павлодар облысы бойынша департаментінің деректері бойынша) тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 9939. 2025 жылдың қорытындысы бойынша осы кәсіпорындарда жұмыспен қамтылғандар саны – 25 354 адам, – деді М.Шоқанов.
Мемлекеттік қолдау шеңберінде кәсіпкерлерге субсидиялар беріліп, несиелер бойынша кепілдіктер көрсетіледі. Бұл қолдау «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылуда. Былтырғы жыл қорытындысында жалпы несие сомасы 23,0 млн. теңге болатын 2 жобаға қолдау көрсетіліпті.
Екібастұз қаласында 2020 жылдан бері «Өркен» шағын индустриалды аймағы жұмыс істеп тұр. Желтоқсан көшесі, 12 мекенжайында орналасқан бұл ғимарат кәсіпкерлерге киім, аяқ киім, тоқыма бұйымдарын тігу, жиһаз және ағаштан жасалған бұйымдар дайындау, кір сабын өндіру, полиграфия, сыртқы жарнама бағытында қызметтер көрсету үшін сенімгерлік басқаруға берілді.
Бөлім басшысының айтуынша, кәсіпкерлер шағын индустриалдық аймақты жалға алу ақысын төлемей 5 жылға дейін пайдалана алады. Бұл бизнесін жаңа бастап жатқандар үшін өте қолайлы. «Өркеннен» орын алу үшін кәсіпкерлік бөліміне барып өтініш жазу қажет.
– Мұнда қазір 10 кәсіпкер бизнесін өркендетіп отыр. Кәсібін дөңгелетіп, жеке шығып жатқан азаматтар да бар. Солардың есебінен екі орын босады, – дейді Медет Шоқанов. – Биыл ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз.
Былтырғы жыл қорытындысында 2 кәсіпкер 5 млн. теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алған болатын. Олардың бірі – Думан Шаймергенов («Шаймергенов» ЖК) былғарыдан аспалы сөмкелер, ұлттық кәдесый өнімдерін жасайды. «Морозова» ЖК киім және аксессуарлар дайындайды.
«Грант алуға кімдер қатыса алады?» деген сұрағымызға бөлім басшысы былай деді:
– Кәсіпкерлерге грант алу үшін бірнеше талап қойылады. Мысалы, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін кәсіпорын қызметкерлерінің кемінде 50 пайызы халықтың әлеуметтік осал тобындағылар болуы тиіс немесе білім беру, психологиялық-педагогикалық қолдау, мәдениет және өнер, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратындар қатарынан болуы қажет.
Шағын және орта бизнес өкілдері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасына қатысып, 5 млн. теңге грант ұтып алуына болады. Бұл жобада кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашуға міндеттеледі. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыру үшін инвестициялық жоспар жасап, 18 айдың ішінде нәтиже көрсетуі тиіс. Грант ұтып алған жағдайда қаражатты жылжымайтын мүлік немесе жер учаскесін, автокөлік, мал сатып алуға, жалдау ақысын төлеу үшін жұмсауға болады.
Таратылу алдында немесе банкрот болғалы тұрғандарға, мемлекеттік бюджетке міндетті төлемдер бойынша берешегі барларға, мемлекеттік сатып алудың сенімсіз қатысушыларының реестрінде тұрғандарға, бұрын грант алғандарға грант берілмейді.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ




