Мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі, қасиетті Құрбан айттың бірінші күні мамыр айының 27-ші күні болып бекітілді. Әрбір мұсылман бұл қасиетті күндерді асыға күтіп, жағдайы келген адам құрбан шалып, айт мерекесімен өзгелерді құттықтап, қайырымды істер атқаруға тырысады. Ата-бабаларымыз бұл күндері ұлық мерекені құрмет тұтып, ерекше киімдерін киіп, жақын-туғандарын аралап: «Айт қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деген сөздермен ізгі ниеттерін білдіріп, балаларға айттық сыйлықтар беретін болған.
Жылдағы дәстүрмен Құрбан айт қарсаңында Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы Нұрсейіт қажы Омаров ұлық мейрам тақырыбын тарқатты.
– Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Құрбан шалу міндет болу үшін мынадай шарттар қажет: мұсылман болу; Құрбан айт уақытында жолаушы болмау; негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Шәкәрім қажы бабамыз өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады», – деп айтқан. Шариғатымызда нисап мөлшері дегеніміз – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.
– Құрбандыққа шалуға қандай мал жарамды?
– Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісі бірігіп ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
– Қандай малдар құрбандыққа шалынбайды?
– Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады: бір көзі соқыр; сойылатын жерге жете алмайтын дәрежедегі көтерем мал; құлағы немесе құйрығы тумысынан жоқ немесе басым бөлігі кесілген; тістерінің көбі түсіп қалған; емшектерінің басы жұлынып қалған; бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 28-аятында: «(Құрбанның етінен) өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», – деп айтқан. Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Қасапшының ақысы бөлек төленуі қажет.
– Елді қайырымдылыққа, мейірімділікке, ізгілікке үндеп, араздасқандарды татулыққа шақыратын, елді біріктіретін рухани мерекеде тағы нені ескерген жөн?
– Айт барша мұсылмандардың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін сезінуі тиіс. Адамдар өзара қуаныш сезімдерін білдіріп, жақындарын құттықтап, сыйлықтар бергені жөн. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады», – деуі тегін емес. Ата-бабамыз айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанның бетін қайтармай, қолда бар сыйлығын беріп, ақ дастарханнан дәм татқызып, риза болып кететіндей дәрежеде шығарып салатын болған. Алла Тағала келе жатқан қасиетті Құрбан айт мерекесін баршамызға мүбарак етіп, шалатын құрбандықтарымызды, атқаратын ізгі амалдарымызды қабыл еткей!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Ж.ЖАПАРОВА
ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ



