16 мамыр күні Екібастұз қалалық ипподромында өңірдегі ең ауқымды спорттық шаралардың бірі – EKIBASTUZ CUP халықаралық турнирі өтті. Ұлттық ат спортының мәртебесін көтерген дүбірлі додаға Қазақстанның әр өңірінен және Қырғыз Республикасынан келген шабандоздар қатысты. Ипподромға жиналған мыңдаған көрермен тартысты бәсекенің куәсі болды.
Додаға Павлодар облысымен қатар Батыс Қазақстан, Алматы, Ақмола облыстарынан, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларынан және Қырғыз Республикасынан келген спортшылар қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бөлінуі жарыстың әділ әрі кәсіби деңгейде өтуіне мүмкіндік берді.
Алғашқы жарыс 1600 метр қашықтықтағы Zhenis Cup бәйгесі болды. Бұл додада Орталық Азияда туған үш жасар сегіз жылқы бақ сынады. Фавориттердің қатарында маусым бойы тұрақты нәтиже көрсеткен Милтан аталды. Сонымен қатар Абадан Зор, Аль Каир, Жел Жайлау, Марапат, Бұхара және Ақмаңдай сынды жүйріктер де жарыс көрігін қыздырды.
Тартысты өткен бәйгеде алматылық шабандоз Күрішбек Дидарбек тізгіндеген Абадан Зор мәреге бірінші болып жетті. Жеңімпазға Hyundai Elantra автокөлігі табысталды. Екінші орынды Рамазан Табылдиев мінген Марапат иеленсе, үшінші орынға Тұрат Сатаров тізгіндеген Милтан тұрақтады.
Келесі кезеңде 1800 метр қашықтықтағы Ekibastuz Gran Prix бәйгесі өтті. Жарыс жолына үш жасар 12 тұлпар шықты. Жарыста Атлас Бой қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Дәурен Жүсіпов мінген сәйгүлік мәреге бірінші келіп, иесіне Hyundai Sonata автокөлігін сыйлады. Сонымен қатар дәл осы шабандоз Лайт тзе Торч атты арғымақпен 1200 метрлік жарыста да жеңіс тұғырынан көрініп, Hyundai Mufasa автокөлігін жеңіп алды. 1200 метрлік Ekibastuz Sprint Cup жарысында Сала да Балло, Лайт тзе Торч және Козмик Дон сынды мықты тұлпарлар бақ сынады. Көрермендер бұл жарыста ерекше жылдамдық пен жоғары дайындықтың куәсі болды
Турнирдің негізгі жарысы 2000 метр қашықтықтағы Ekibastuz Cup бәйгесі болды. Бұл сайыста Роузензу, Батухан, Фаридон, Вестерн Поинт, Плюмо және Геродот секілді тәжірибелі сәйгүліктер бақ сынады. Халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте топ жарған Роузензу көптің назарында болды. Нәтижесінде жарыс жеңімпазы атанып, жүлделі бірінші орынды иеленді. Ат иесі Болат Қожамсейтовке (шабандоз – Олжас Әбдіхамит) Hyundai Santa Fe автокөлігі табысталды. Екінші орынды Батуханның иесі Бахтияр Байзақов (шабандоз – Асланбек Байкенов) алса, үшінші орын қырғызстандық Ербол Замудинұлы тізгіндеген Фаридонға (ат иесі – Алтынбек Шадыбеков) бұйырды.
Турнир 18 шақырымдық аламан бәйгемен қорытындыланды. Ұзақ қашықтықтағы бұл додада Қазақстанның әр өңірінен келген төзімді тұлпарлар сынға түсті. Аламан бәйгеде шабандоздардың тактикасы мен жүйріктердің шыдамдылығы шешуші рөл атқарды. Нәтижесінде Алматыдан келген Маржан үздік атанды. Ат иесі Тастан Жанысбеков (шабандоз – Ержан Нұрсұлтан) бас жүлде – Hyundai Tucson автокөлігіне ие болды. Екінші орынды Ақши ауылынан Алтын алқа иеленді. Ат иесі – Бақытжан Түлебеков, шабандозы – Темірлан Айдарханов. Ал үшінші орын Қарқара тұлпарына бұйырды. Ат иесі – Алтынбек Қасым, шабандозы – Мерей Гариполлин.
Жарыста екінші орын иегерлеріне екі миллион теңгеден, ал үшінші орын алған спортшыларға бір миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.
Турнир аясында көкпардан да тартысты кездесу өтті. Ат үстіндегі додада Ақкөл және Төртүй ауылдық округтерінің мықты командалары өзара бақ сынады. Ұлттық рухты ұлықтаған ойында қос команда жоғары дайындық деңгейін, ептілік пен шеберлік көрсетті. Тартысты кездесудің қорытындысында ақкөлдік «Сайфуллах» командасы жеңіске жетіп, турнирдің үздік командасы атанды.
Шара барысында турнирдің бас комментаторы әрі «Qazaq Jockey Club» РҚБ төрағасы Владислав Цой мұндай ауқымды жарыстардың ұлттық спортты дамытудағы маңызы зор екенін атап өтті.
– Ұшқыр бәйгелерге 41 тұлпар, ал аламан бәйгеге 23 жүйрік қатысты. Бәйгеге қатысқан бала шабандоздарға арнайы жас және салмақ талаптары қойылды. Олар кемінде сегіз жаста болып, салмағы 28 келіден төмен болмауы тиіс. Ал ұшқыр бәйгелерге 18 жастан асқан кез келген адам қатыса алды. Мұндай ірі жарыстың біздің қалада өтуі – маңызды оқиға. Бұл турнир алдағы уақытта дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар жарыс жолын жоғары деңгейде дайындаған. Бұл аттардың қауіпсіздігіне әрі шабандоздардың кәсіби өнер көрсетуіне үлкен мүмкіндік береді, – деді ол.
Дүбірлі доданың сәнін Қазақстан эстрадасының танымал өнерпаздары – «Алашұлы» тобы мен Құралай Мейрамбек келтірді. Өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама турнирдің мерекелік атмосферасын одан әрі көркемдеді.
EKIBASTUZ CUP турнирі ұлттық дәстүрді дәріптеп қана қоймай, ат спортына қызығушылық танытатын жастардың қатарын арттыруға ықпал етері сөзсіз.
Ділназ Серікбай









