13 мамыр күні «Атамұра» мәдениет орталығында Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен 7-9-сынып оқушылары арасында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Абай әлемі» көркемсөз байқауы өтті. Тағылымы мол шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына Абай мұрасын сіңіру, оқушылардың көркемсөз оқу шеберлігін дамыту және қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру.
Абайдың қара сөздері – ақынның өмір тәжірибесінен туған терең ой-толғамдарының жиынтығы. Онда адал еңбек, білім мен ғылым, адамгершілік, имандылық, өнер үйрену секілді маңызды тақырыптар кеңінен қозғалады. Осындай рухани мұраны дәріптеуге арналған байқауға қаламыздың мектептерінен 11 оқушы қатысып, екі кезең бойынша сынға түсті.
Алғашқы кезеңде қатысушылар ақынның лирикалық өлеңдерін мәнерлеп оқыса, екінші бөлімде қара сөздерін жатқа айтып, шығармалардың философиялық тереңдігін жеткізуге тырысты. Жас таланттар Абай шығармаларын тек жаттап қана қоймай, әр сөздің мағынасына үңіліп, көрерменге әсерлі жеткізе білді. Кейбір қатысушылардың дауыс мәнері мен сахнадағы еркіндігі ерекше көзге түссе, ұлттық нақыштағы киімдері байқаудың мазмұнын аша түсті.
Қазылар алқасының шешімімен І орын №36 лицей-мектебінің оқушысы Марғұлан Арыстанбекұлына бұйырды. ІІ орынды №14 ЖОББМ оқушысы Айсәуле Бабахұмар иеленсе, ІІ орын №26 гимназия-мектебінің оқушысы Жанерке Дауылбаеваға берілді. Барлық қатысушылар дипломдармен, алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ділназ Серікбай





