18 мамыр күні қаламызда Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы тұрғындармен және түрлі сала өкілдерімен кездесулер өткізіп, қоғамдағы діни ахуал мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, «KEGOC» кәсіпорны қызметкерлерімен, «Жасыбай» спорт кешенінің тәрбиеленушілері және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – халықтың діни сауаттылығын арттыру, дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, жалған діни идеологиялардың таралуының алдын алу және діни экстремизм қаупі жөнінде кеңінен ақпарат беру.
Кездесуге «Qamqor-Astana» қоғамдық қоры ақпараттық-түсіндіру жұмысы бөлімінің лекторы Арман Нұрахметұлы, «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Балғабек Мырзаев және психолог-сарапшы Лола Шәкімова қатысты.
Жиын барысында мамандар қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілер арқылы насихатталатын деструктивті діни ағымдардың ықпалына ерекше тоқталды. Әсіресе TikTok пен Instagram секілді платформаларда күмәнді діни контенттің кең таралып жатқаны айтылып, жастарға мұндай ақпараттарды саралай білу, теріс идеологияларға сыни көзқарас қалыптастыру жайы түсіндірілді. Сонымен қатар, дәстүрлі ханафи мәзһабын түрлі жат ағымдардан ажырата білу, діни сауаттылықты арттыру, рухани құндылықтарды насихаттау және зайырлылық, бірлік, толеранттылық секілді құндылықтарды дәріптеу туралы ақпарат берілді.
Кездесу барысында теолог Арман Нұрахметұлы қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтауда әр азаматтың жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті.
– Дәстүрлі діни бағытты ұстану – қоғамды түрлі кертартпа ағымдардың ықпалынан сақтайтын негізгі факторлардың бірі. Қазіргі таңда біз құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен, спортшылармен, жастармен және белсенді азаматтармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз, – деді ол.
Спикердің айтуынша, жат діни ағым өкілдері әлеуметтік желілер арқылы уағыздар таратып, тікелей эфирлер ұйымдастыру арқылы жастарды өз қатарына тартуға тырысады. Осыған байланысты тұрғындарға күмәнді бейнематериалдарды таратпау және тексерілмеген ақпараттарды бөліспеу қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар мамандар экстремистік немесе радикалды мазмұндағы діни материалдарды тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін айтты. Ал терроризм мен экстремизмді насихаттайтын ақпараттарды тарату қылмыстық жауапкершілікке негіз болады.
Мамандардың айтуынша, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін әр азамат діни ақпараттарға сын көзбен қарап, тек ресми әрі сенімді дереккөздерге жүгінгені абзал.
Ділназ Серікбай




