Гүлмира Алданованы сонау жасөспірім шағынан білемін. 1990-шы жылдардың басында Баянауыл ауданы төңірегінде өткен жиын-тойлардың сахнасынан түспейтін. Әуенін Алтынбек Қоразбаев жазған «Сараның әнін» шырқап бойжетті. Ауыл-ауылды аралап Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын сахналаған көркемөнерпаздар тобы құрамында болып, әнші қыздар рөлінде ән салған.
Оқушы күнінде Баянауылдың сан өренін өнерге баптаған Жамбы Мәшімқызының таңдауымен «Беу, жігіттер!» ансамблімен бірге гастрольдерге де шықты.
Өнерге деген сүйіспеншілік оны Павлодар музыкалық училищесіне алып барды. Кейін Павлодар педагогикалық институтында музыка саласы бойынша жоғары білім алды.
Әнші қыздың өмір жолы жиырма жылдан бері «Атамұра» мәдениет орталығында өріліп келеді. Қазіргі уақытта көркемдік жетекші қызметін атқарып жүрген өнерпаз – осы қаланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, мәдениеттің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жандардың бірі.
Әу демейтін қазақ жоқ дейміз. Әншісі көп қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ кәсіби музыкалық білімі бар Гүлмирадай сауатты әншінің жөні бөлек. Оның сахнамен тумысынан біте қайнасқан ерекше қабілеті бар.
Гүлмирамен бірнеше рет сапарлас болдық. «Отарқа» газетінің жобаларынан бас тартпай, газет мүддесі үшін қажетті шаралардан қалыс қалып көрген емес. Бірнеше рет жеке шығармашылық кешімде «Жасай бер, бауырым!» атты менің өлеңіме жазылған әнді орындады. Сонда байқағаным – Гүлмираның күллі залды өзіне үйіріп алатындығы. Айналасына жан бітіріп, тыңдарманға ғажап көңіл күй сыйлайтыны. Гүлмира әнге басқанда құс боп ұшқың келетіндей әсерде боласың, ортаға шығып билеп кеткің де келеді. Сахнаны патшайымдай бағындырып алатын әншінің күлімдеген жүзі қандай жарқын болса, күнделікті өмірдегі кісілік келбеті де сондай.
Қоғамда қазір «адал азамат» деген тіркес модаға, ұранға айналды. Шынтуайтында нағыз адал азамат ұғымына Гүлмира сияқты өз ісіне шын берілген жандар лайық. Гүлмира мен «Атамұрадағы» өзге әріптестерінің күздің қара суығы мен қыстың қақаған аязында жәрмеңке сахнасында әндетіп тұрғанына да талай куә болдық. Олар өздеріне жүктелген міндетті қалтқысыз орындаумен келеді. Ешқашан уақытпен санасып, демалыс күндері жасаған қызметтері үшін ақы да сұраған емес.
Қазіргі таңда Гүлмира Қазына Алпысбаева құрған «Кәусар» әжелер ансамбліне көркемдік жетекшілік жасайды. Ансамбльде он бес мүше бар. Сәрсенбі сайын әжелердің басын қосып, сахна мәдениеті тұрғысынан дайындап, ән айту шеберліктерін жетілдіреді. Сонымен қатар, «Арна», «Жұлдыз» вокалды топтарын әнге баптайды. «Атамұраға» қарасты он алты ауылдық клубтың көркемөнерпаздарына жетекшілік етеді.
Жалпы, Гүлмираны үнемі тынымсыз ізденіс үстінде көресің. Ол әрдайым шәкірттерін байқауларға дайындап, жүлделі орындарын сүйіншілеп жатады. Қанатының астындағы кішкентай әншілерді үлкен жарыстарға қосып, томағасын сыпырады. Оларға ата-анасындай жанашыр, жанкүйер болады. Бұл – оның ұстаздық қыры.
Гүлмира жетекшілік ететін «Жұлдыз» вокалды тобының құрамында республикалық, халықаралық өнер байқауларында топ жарып жүрген Жансая Елемес, Адина Тұрсынбаева, Жанерке Шерікбайқызы, Еркежан Естаева, Назерке Купай, Айдина Темербаева, Айзере Еренғалы, Ерасыл Еренғалы, Сұлу Дүйсенбай, Нұрай Ұларбек, Ақнұр Қазбек, Асылым Қайркен сынды дарынды шәкірттер бар. Солардың ішінде Жансая Елемес болашағын музыкамен байланыстырмақшы екен: биыл музыкалық колледжге емтихан тапсырып, бақ сынау ниетінде.
Таяуда ғана Астанада «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығы ұйымдастырған «Үздік өнер жұлдызы» байқауының «Эстрадалық вокал» кезеңінде Сұлу Дүйсенбай, Айдина Темербаева, Жанерке Шерікбайқызы, Айзере Еренғалы, Адина Тұрсынбаева, Жансая Елемес, Ерасыл Еренғалы, Нұрай Ұларбек жүлделі 1-орынды жеңіп алды. Ал ақпан айында Павлодар қаласында «ART.MIX.KZ» ұйымы өткізген ХV республикалық «Импульс» көпжанрлы байқауында Сұлу, Айдина, Жанерке 1-орынға ие болды.
– Түрлі байқауларға қатысу балалардың деңгейін өсіреді. Өкінішке қарай, қаламызда ән айтудан байқаулар ұйымдастырылмайды. Республикалық ән сайыстарынан қалмауға тырысамыз, бірақ қазір сайыстардың бәрі дерлік ақылы болып кетті. Астанада өткен «Үздік өнер жұлдызы» байқауының марапаттау рәсіміне шәкіртім Нұрай Ұларбек шақырту алып, қазылар алқасындағы кәсіби әншілердің ақыл-кеңесін тыңдады. І дәрежелі диплом иегері ретінде «Ұлы дала дарыны» статуэткасын иеленіп, кеудесіне «Ұлы дала дарыны» төсбелгісін тақты. Бағып-қаққан шәкірттерімнің мұндай құрметке ие болуы – мен үшін зор мәртебе. Ең бастысы, олар мұндай шараларда танымал жұлдыздарды да көріп, шыңдалып, шабыттана түседі, – дейді Гүлмира.
Әулиелі Қызылтау бауырында туып-өскен Гүлмира – отбасындағы төрт баланың ішіндегі жалғыз қыз. Әкесі Нұрлыбектің мамандығы зоотехник болса, анасы Серікбала есепші болып қызмет еткен. Гүлмираға өнер ата-анасынан дарыған. Жұптарын жазбай сахнада бірге өнер көрсететін ата-анасы Гүлмираны да жандарынан тастамай, ол кішкентай күнінде оркестрде сылдырмақта ойнайтын еді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын әке-шеше Гүлмираны әлі күнге дейін қолдап, қолпаштаудан жаңылған емес. Әнебір жылы Жүсіпбек Аймауытов ауылына «атамұралықтарды» бастап апарған қызының ұжымына дастархан жайып, ерекше ықыласпен қарсы алса, енді бірде Баянауылда өткен «Ақбетке қонған аққу жыр» атты ақын қыздар фестивалінде көрермендер ортасынан табылды. Өмір бойы өнерге махаббаты ортаймаған осындай жандардан тәрбие алған перзент қалайша өнерді сүймесін?!
Шахталы шаһар мәдениетінің отын маңдай терімен маздатып келе жатқан Гүлмира – Алмас, Алмат атты егіз ұлдың анасы. Алмасы – қазір кәсіби әншілерден құралған «Екібастұз серілері» атты топтың мүшесі, көпшіліктің сүйіктісіне айналған өнерпаз.
Біреулер үшін ән айту хобби болса, Гүлмира үшін – жұмыс, кәсіп. Өмірінің мәні. Ал жұмыстан бос кезінде әнші қыз садақ атқанды жақсы көреді. Тіпті таяуда садақ атудан Бурабайда өткен ашық турнирге де барып келді. Бұл – ол үшін жан сергітетін тамаша ермек.
… Біз өнер адамдарын әдетте түрлі салтанатты жиын, тойларда көреміз, әндерін тыңдаймыз, ләззат аламыз, шабыттанамыз. Оларсыз ешбір жиында сән-салтанат жоқ. Кез келген мамандық иесінің кәсіби мерекесі өнер адамдарынсыз өтуі мүмкін емес. Өкінішке қарай, мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі лайықты дәрежеде бағаланбай қалып жатады. Өнерге бала күнінен еңбек етіп келе жатқан Гүлмира сияқты мамандар – шаһарымыздың рухани шамшырақтары. Қадірлей білгеніміз жөн.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА






