№26 гимназия-мектебі базасында біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Заң мен тәртіп» қағидасына негізделген ұлттық ойындар жарысы өтті. «Ұлы дала заңы» деп аталған тағылымды шараға қала мектептерінің оқушылары қатысты. Бұл күні ұлттық құндылықтар мен құқықтық мәдениет дәріптелді.
Мектеп ауласына бірнеше киіз үй тігіліп, ұлттық нақыштағы мерекелік атмосфера қалыптасыпты. Әуелеген ән мен мың бұралған биден кейін қатысушылар әр киіз үй жанында ұйымдастырылған жарыстарға белсене кірісті. Оқушылар тоғызқұмалақ, қазақ күресі, гір көтеру, асық ату, садақ ату, арқан тарту және әскери-спорттық ойындардан сынға түсіп, ептілік пен күш-жігерлерін көрсетті.
Осы күні мектепте «Жас прокурорлар» жобасы аясында «Болашақ прокурорлар кабинеті» салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Павлодар облысының прокуроры, мемлекеттік әділет кеңесшісі Алмат Байшолақов және Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр қатысты.
Жаңа кабинет оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң мен тәртіп қағидаларын насихаттауға және құқық қорғау саласына қызығушылық танытатын жастарға кәсіби бағдар беруге бағытталған. Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, жоба аясында құқыққа қызығушылық танытқан 8-сынып оқушыларынан эксперименттік топ құрылған. Жобаға тарих пәнінің мұғалімі Талшын Ақшамбаева жетекшілік етеді.
– Алдағы уақытта кабинетте тақырыптық кездесулер, практикалық тренингтер, пікірталастар, прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлескен профилактикалық шаралар ұйымдастырылады. Оқушылар құқықтық талдау жасап, заңға сай әрекет ету дағдыларын меңгеріп, түрлі жағдайлық тапсырмалар мен «Заң және тәртіп» акцияларына қатысады, – дейді бұл туралы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Кожанова.
Салтанатты рәсім барысында қонақтар оқушылардың өнерін тамашалап, қазақтың үш биі туралы қойылымды көрді. Бұдан әрі шара мектеп ауласына ағаш отырғызу рәсімімен жалғасты. Қонақтар мен оқушылар бірлесіп жас көшеттер отырғызып, «Болашақ прокурорлар аллеясының» негізін қалады. Осылайша тағылымды шара табиғатты аялау мен рухани тәрбиені ұштастырды.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ








