15 мамыр күні «Қазақстан» алаңында «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» тұжырымдамалары аясында кең ауқымды «EKB Fest» жастар фестивалі өтті. Шараға мектеп оқушылары, колледж студенттері, жұмысшы жастар, еріктілер мен қоғамдық ұйым өкілдерін қоса алғанда бес мыңнан астам адам қатысты.
Фестивальдің негізгі мақсаты – жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру.
Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшолақов, Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр, сондай-ақ, құқық қорғау және білім беру салаларының өкілдері қатысты.
Павлодар облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Ирина Темірғалиева фестиваль бағдарламасы бірнеше бағытты қамтығанын атап өтті.
–Бүгінгі акцияның басты мақсаты – қаламызды зиянды жарнамалардан тазартып, балалар мен жастарды қауіпті ақпараттан қорғау. Есірткі – адамның өмірін ғана емес, отбасы мен қоғам тыныштығын да бұзатын қасірет. Сондықтан жастарды дұрыс бағытқа, салауатты өмір салтына тәрбиелеу – басты міндеттердің бірі, – деді ол.
Шара барысында қоғамдық өмірге белсенді араласып, жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген жастар мен еріктілер марапатталды. Павлодар облысы әкімінің құрмет грамотасымен Жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы Бекарыс Абдулла, әскери-патриоттық тәрбие клубының жетекшісі Нұрлан Қалыков және белсенді азамат Нұрлыбахыт Назарбаев марапатталды.
Ал облыс әкімінің алғыс хаты Екібастұз политехникалық колледжінің студенті Нұркелді Озғанбайға, Жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы Индира Рақымжановаға және Шідерті кенті ауыл жастары кеңесінің мүшесі Бекжан Тауға табысталды.
Павлодар облысы прокурорының алғыс хатымен Абай атындағы №28 ЖОББМ-нің 9-сынып оқушысы Еркеназ Аманкелді, №36 лицей-мектебінің 8-сынып оқушысы Нұрлы Қожахмет және ауыл жастары кеңесінің төрағасы Самал Мұхамеджанова марапатталды.
Сонымен қатар, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекинге Қазақстан Республикасы Бас прокурорының алғыс хаты тапсырылды.
Фестиваль барысында сөз сөйлеген облыс әкімі Асайын Байханов жастардың қоғам өміріндегі рөліне ерекше тоқталды.
– «Заң мен тәртіп» – әділетті мемлекеттің басты қағидасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Адал азамат» – елін сүйетін, қоғам алдындағы жаупкершілікті сезінетін тұлға. Қаламыздың, өңіріміздің және мемлекетіміздің қандай болатыны әрқайсымызға байланысты. Екібастұз жастары әрдайым білімге ұмтылысымен, еңбекқорлығымен және белсенділігімен ерекшеленеді, – деді өңір басшысы.
Ал Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшолақов Конституцияны құрметтейтін, заңды бағалайтын ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидасы – елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізі.
Фестиваль аясында «Әділетті қоғам» арт-баннері ұйымдастырылып, жастар заңға құрмет, тазалық пен жауапкершілік туралы өз ойларын жазды. Сонымен қатар, көркемсурет мектебінің шәкірттері қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіп тақырыбында арнайы плакаттарға сурет салып, өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Іс-шараның маңызды бөліктерінің бірі құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің арнайы техника көрмесі болды. Қала тұрғындары полиция және төтенше жағдайлар қызметтерінің заманауи техникасымен танысып, олардың күнделікті жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Фестиваль барысында «Айқын нәтиже» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз шағынаудан» пилоттық жобасы да таныстырылды. Жоба кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Сондай-ақ, ерікті жастар қала шағынаудандарына бөлініп, ғимарат қабырғаларындағы есірткі жарнамаларын өшіру және көшелерді тазалау жұмыстарына қатысты.
Ал «Maxi Mall» сауда-сауық орталығындағы «Maxi Cinema» кинотеатрында «Үш тағдыр» қысқаметражды фильмінің көрсетілімі өтті. Фильмде жасөспірімдер арасындағы есірткі мәселесі, өмірлік таңдау, болашаққа деген көзқарас және оның салдары кеңінен қозғалды. Көрсетілім барысында құқық қорғау органдарының өкілдері жастармен ашық пікір алмасты. Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, елімізде жыл сайын есірткі қылмысымен 7500-ден астам адам ұсталады. Алаңдатарлығы, олардың жартысынан көбі – 25 жасқа дейінгі жастар. Мамандар мұндай қылмыстар үшін жаза мерзімі бес жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыруға дейін жететінін атап өтті.
«EKB Fest» фестивалі жастарды заңды құрметтеуге, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға үндеген маңызды алаңға айналды.
Ділназ Серікбай






