Екібастұз өңірінде барлығы 42 жалпы орта білім беру ұйымы бар (оның ішінде 16 мектеп – мемлекеттік тілде, 2 мектеп орыс тілінде (оның ішінде 1 жекеменшік мектеп, 24 мектеп аралас тілде білім береді). 2025-2026 оқу жылын 23 168 оқушы аяқтағалы отыр (2025 жылы – 22 964). Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында сабақ 25 мамырда аяқталып, сол күні соңғы қоңырау салтанаты өтеді.
Биыл өңірде балалардың жазғы демалысы мен жұмыспен қамтылуы қалай өтпек? Бұл туралы білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова қала әкімінің аппарат мәжілісінде баяндады.
Биылғы жазда Екібастұз өңірінде демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамтудың барлық түрлерімен 22 058 (2025 жылы – 21 621) оқушыны қамту жоспарлануда. 1–4-сынып оқушылары үшін мектеп жанынан 40 лагерь ұйымдастырылады, қамтылуы – 9708 оқушы (2025 жылы – 9331). Оның ішінде 17 мектепте «күндізгі ұйқы» ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, 12000 оқушы үшін (5-8,10-сыныптар) мектептер мен қосымша білім беру ұйымдары базасында 44 бейіндік лагерь мен жасақтар жұмыс істейді. Бұл шаралар 3 маусымды қамтып, бір маусымға жолдама құны 18 150 теңгені құрайды.
2026 жылғы 1 маусымнан бастап мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастайды.
Әлеуметтік осал санаттағы 1980 баланың демалысы мен тамақтануы жалпыға міндетті оқу қорының қаражаты есебінен ұйымдастырылады, жалпы сомасы – 229,8 млн. теңге. Сондай-ақ 15,0 млн. теңге көлемінде 368 жолдама сатып алынады (2025 жылы – 320 жолдама, 13,8 млн теңге).
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны – 1928. Олар үшін «Самғау» балалар шығармашылығы орталығы базасында сауықтыру алаңы ұйымдастырылады.
Мектеп оқушыларының еңбек жасақтарына (ТОШ) 600 жасөспірім тартылмақ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ЖК және АЖ бөлімі «Надежда, Вера и Любовь» қоғамдық бірлестігімен жалпы сомасы 37,1 млн. теңгеге конкурс рәсімдерін аяқтады, бір оқушының бір маусымдағы орташа жалақысы 33 мың теңге болып белгіленді.
Есепті кезеңде өңір мектептерінде 14 пен 18 жас аралығындағы 6 602 оқушы білім алуда (2025 жылы – 7 719). Бюджеттен тыс қаражат есебінен 260 жеке ұйымға жоғары сыныптың 4500 оқушысын қамту жоспарлануда (2025 жылы – 4000).
Мәдени-шығармашылық бағытта «Қайнар» кешені, Естай атындағы балалар музыка мектебі, «Самғау» балалар орталығы балалардың шығармашылық шеберханаларын, театр студияларын, байқаулар және этнографиялық жобалар өткізуді жоспарлап отыр.
«Жолдама сыйла» жобасы аясында демеушілік қаражат тарту есебінен 2060 жолдама сатып алу жоспарлануда. «Жаздық жолдама – 2026» жобасы аясында ауыл мектептерінің 5-8-сынып оқушылары арасынан оқу үздіктері, түрлі байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатарынан 75 балаға «Қазақстан халқына» қоры есебінен жолдамалар сатып алу жоспарлануда.
Сапарлар және көшпелі экскурсияларға 3 мыңнан астам оқушы тартылады деген жоспар бар.
Цифрлық құзыреттерді дамыту мақсатында «Smart Bala», «IT бала» және «РобоКэмп» бейіндік ауысымдары ұйымдастырылады. Бағдарламалау және робототехника бағытындағы іс-шаралар өткізіледі.
Басты басымдық – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Қауіпсіз жаз», «Назар аударыңыз: балалар!» және «Қауіпсіз жол» акциялары өткізіледі. Құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылады. Төтенше жағдайлар туындаған кезде әрекет ету шаралары әзірленеді. «Жас патруль» және «Қауіпсіз маршрут» жобалары іске асырылуда.
Осы жылдың мамыр айынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда «Қауіпсіз терезе» акциясы басталды. Терезелерге арнайы бекіткіштер орнату жөніндегі мамандардың қатысуымен ата-аналарға арналған брифингтер өткізілді.
Ж.АЙТЫШ



