Екібастұз өңірінде суармалы жерлердің алаңы 25,7 мың гектарды құраса, оның 24,5 мың гектары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, 1,2 мың гектары бақша шаруашылығына бекітілген. 1,0 мың гектары – бос жерлер. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бекітілген 24,5 мың гектардың 5,0 мың гектары іс жүзінде суарылады және инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымы (ИКИ) бар, ал 8,2 мың гектар жер суарусыз пайдаланылады. Пайдаланылмайтын 11,3 мың гектар жердің 3,6 мың гектарына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз қаражатына инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген; 5,7 мың гектар жер суару жүйелерінің, жаңбырлату техникасының болмауынан немесе электр тапшылығынан пайдаланылмай отыр, оның ішінде 2,0 мың гектар жер 2025 жылы суармалы егістікке ауыстырылған.
Суармалы жерлерге қатысты бұл жайттарды қала әкімінің аппарат мәжілісінде жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Дауылбаев баян етті.
2026 жылы Бәйет ауылдық округіндегі 400,0 гектарлық бір жер учаскесі суармалы егістікке ауыстырылды. «Жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі 2025 жылы жалпы алаңы 0,9 мың гектар жерге ие 2 жер пайдаланушыға 1 жыл мерзімге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген. Осы учаскелер бойынша ағымдағы жылы бақылау тексерістері жүргізілмек. Алаңы 11,3 мың га 16 жер учаскесіне («Нұржан» ШҚ, «Рахметова А. Д.» ШҚ, «Танашбеков» ШҚ, «Жаңа ауыл» ШҚ» ЖШС, «АгроЭк» ЖШС, «Береке фирма» ЖШС, «Каби Агро» ЖШС, «Ақбұлақ» ШҚ» ЖШС, «Agrostan PV» ЖШС, «Gardennaturalculture» ЖШС, «Кереку Жер» ЖШС) қатысты материалдар көктемгі дала жұмыстарынан кейін (егістікте тексеру іс-шаралары топырақ физикалық пісуіне жеткен уақытқа сүйеніп жүргізіледі) жер ресурстарын басқару департаментіне жіберіледі, – деді Данияр Құрманғалиұлы.
Ж.Мырзағұл



