Екібастұз өңірінде жазғы сауықтыру лагерьлері жоқ. Сондықтан мектеп жанындағы лагерьлер мен алаңдар ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған сауықтыру алаңы «Самғау» балалар шығармашылығы орталығының базасында ұйымдастырылған.
Жазғы маусымда 40 мектеп жанындағы лагерь мен алаң жұмыс істеп, 9708 оқушыны қамтиды. Оның ішінде 17 мектепте күндізгі тынығу ұйымдастырылады. Аталған шаралар 3 маусым бойы өткізіледі. Бірінші маусымда 11 082 бала, екінші маусымда 8420 бала, үшінші маусымда 2119 бала қамтылады. Мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын 1 маусымнан бастайды.
– Жазғы каникул кезінде мектеп жанындағы лагерьлерде дене шынықтыру-сауықтыру, оқу-тәрбие жұмыстары мен мәдени демалыс ұйымдастыруға рұқсат етіледі. Лагерьлерде тамақтандыру мен күндізгі ұйқы ұйымдастыру қарастырылған. Балаларда жеке төсек жабдықтары, екі сүлгі болуы тиіс, – деді СЭББ маманы.
М.Әбдіғапарова асханаларда тамақтандыруды ұйымдастыру үшін санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды, азық-түлік жеткізушілерімен келісімшарттар, сертификаттар, тауарға ілеспе құжаттар, тағам өнімдерінің сәйкестік декларациялары, технологиялық карталар, медициналық кітапшалар және өндірістік бақылау бағдарламасы секілді бірқатар құжаттың болуы міндетті екенін атап өтті.
Маманның айтуынша, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Алайда мектеп жанындағы лагерьлер мен алаңдарға санитарлық мониторинг жүргізу басқарманың құзыретіне кірмейді.
Кенже ҚУАТ




