Өткен жұмада облыс әкімі Асайын Байханов «Замандас» клубында жергілікті ардагерлермен жүздесті. Асайын Қуандықұлы дөңгелек үстел басында шаһардың дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, өндіріс орындарын ашу және әлеуметтік нысандар мәселелерін сөз ете келе:
– Қала өзгеріп келе жатыр. Соңғы үш жылда тек қана абаттандыру жұмыстарына 40 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Бұл – әкімдік пен тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесі, – деп атап өтті.
Сондай-ақ аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Екібастұзды дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жол және металлургия кластерлері қалыптасып жатқанын айтып, жиылған жұртшылықты электролиз әдісімен мыс өндіретін жаңа зауыттың ашылатынынан құлағдар етті. Жобаға жеке инвесторлар он миллиард теңге қаржы құйып, 300 жаңа жұмыс орнын ашқан.
Ауыл шаруашылығы ардагері Сайлау Зайырбаев сөз алып, «Замандас» клубының жай-күйін баяндады.
– Өңірімізде 23 мыңнан аса зейнеткер болса, соның 500-ге жуығы түрлі сауықтыру шараларына қатысады. Бірқатары біздің клубтағы спорттық шараларға, шахмат ойындарына қатысса, енді бірі бос уақытын «Өнер» ҚМС-ында өткізеді. Біздің клубымызда 7 спорт секциясы, түрлі бағыттағы 5 үйірме жұмыс істейді. Акробатика, бильярд, би де бар. Орыс, қазақ хорына да қариялар ерекше қызығушылық танытады. Бір сөзбен айтқанда, ардагерлер өте белсенді. Өзіміз «Ұзақ өмір сүру орталығы» деп атайтын осы орынды зейнеткерлер барынша тиімді пайдалануда. Десе де осыншама шаруаның бәрі бір залда атқарылады. Жалғыз зал тарлық етуде. Алдағы уақытта жеке ғимарат қарастырсаңыздар, жақсы болар еді, – деді ақсақал.
Білім саласының ардагері Алма Әбілқасымова болса:
– Таяуда қаламызда «Ертіс-Баян» театрын аштыңыздар. Жастардың өнері көпшіліктің көңілінен шығуда. «Қош, махаббат!», «Бір түп алма ағашы» сынды спектакльдерді жұрт отбасымен барып тамашалады. Қаламызға келген әртістер болса қаламыздың тазалығы жайлы мақтау сөз айтып жатыр. Театрға ғимарат салу жоспарларыңызда бар ма? – деп, қоғамдағы кез келген игіліктің руханияттан бастау алатынын меңзеді. Ал облыс әкімі бұл мақсатқа бұрынғы «Горняк» мәдениет сарайының («Аққу-клуб») ғимараты қарастырылып жатқанын айтты.
Жиында ардагерлер қалалық аурухана ғимараты жөндеуге немесе жаңғыртуға сұранып тұрғанын да айтты. Біздіңше, медицинаға алдымен сыртқы әдеміліктен гөрі қызмет сапасы, дұрыс көзқарас керек сияқты.
Келелі кездесу соңында облыс әкімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазановқа «Hyundai» автокөлігінің кілтін табыстады: өңір ардагерлері енді өз көлігімен жүріп-тұратын болады.
– Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз – біз үшін маңызды бағдар. Қаладағы өзгерістердің барлығы аға буынның қолдауы арқасында жүзеге асып жатыр, – деп қорытындылады Асайын Байханов.
Ж.ЖАПАРОВА




