Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына сапары барысында шаһардағы абаттандыру жұмыстарының жай-күйімен танысты.
Қала әкімі Аян Бейсекин аймақ басшысына биылғы жылы атқарылып жатқан жөндеу жұмыстары туралы баяндады.
Жолдарды ағымдағы жөндеумен биыл «Екібастұзтеплоэнергомонтаж», «ЮНИТРИ», «ТРИЭН» ЖШС-тері айналысуда. Жұмыстардың жалпы көлемі – 465 шаршы метр, құны – 4 миллиард теңге. Қазіргі таңда 95 шаршы метр аумақта жұмыс тындырылған.
Сонымен қатар, «Диас-Дар» ЖШС 167 миллион теңгеге 123,8 шаршы метр жолды профильдейді. Қазір 50 шаршы метр аумақта жұмыс тәмамдалған.
Биылға жоспарланған 50 балалар ойын алаңшасының 27-сінің төсемі әзірленген. Алаңшалар орнатуды 915 миллион теңгеге AS & ER Grade» ЖШС-і орындамақ. Футбол алаңдарын салу міндеті де осы кәсіпорынға тиесілі: 500 миллион теңгеге – 20 футбол алаңы.
Сондай-ақ «Қамқор Күш мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 59 миллион теңге сомаға 7 стритбол, 3 стритворкаут орнатпақ.
– Өзіңіздің қолдауыңызбен бөлінген 573 миллион теңгеге орамішілік аумақтар жөндеуден өтеді. Тағы 570 миллион теңгеге әлеуметтік нысандардың аулалары мен кіреберіс жолдары қалпына келтірілуде. Бүгінгі таңда қаладағы 200 аула абаттандырылған, енді оған биыл балалар алаңшалары салынып жатқан елу аула қосылады, – деп нақтылады Аян Уахитұлы.
Ж.ЖАПАРОВА




