Бүкіл өмірі мен шығармашылығын қазақтың мәдениеті мен өнеріне арнаған адамдар елімізде көптеп саналады. Ұлтымыздың мәдени өмірін насихаттап, халықтың рухани қазынасын байытқан біртуар жандарды еске алу бүгінгі жастарға өнеге әрі ұрпақтар сабақтастығының белгісі болмақ. Сондай жандардың бірі Павлодар өңірінен шыққан алғашқы режиссерлердің бірі әрі бірегейі, атақты Жаяу Мұсаның немере ұрпағы Әнуар Қалиев еді.
Ол 1949 жылы Мәскеудің халықаралық өнер институтын бітіріп, Павлодардың қазақ драма театрында алғашқы актерлердің бірі болған. Сахнада талай саңлақтарлың ролін сомдаған өнер тарланы.
1949 жылы Павлодардың драма театры өртеніп, қаншама актерлер жұмыссыз қалды. Содан Әнуар Қалиев Лебяжі ауданында халық театрын құрып, жұмыссыз қалған актерлердің басын қосып, режиссерлік қызмет атқарды. Кезінде Лебяжідегі театрға «Халық театры» атағын алып берген де – Әнуар Қалиев. Ол – театрда Бейімбет Майлиннің «Шұға», «Жалбыр», Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», тағы да басқа спектакльдерін сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген дарынды режиссер.
Әнуар Қалиев ұзақ жылдар Баянауыл аудандық партия комитетінде қызмет атқарып, аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Октябрьдің 40 жылдығы атындағы совхозда да «Халық театрын» ашып, мәдени өмірді жандандырды. 1964 жылы Қаныш Сәтбаевқа арнап музей ашу мақсатында Қазақ КСР Компартиясының идеология жөніндегі хатшысына хат жазып, мақсатына жетті. Нәтижесінде Баянауылдың орталығында Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейі ашылып, қазақ руханиятына қызмет етіп келеді. Әнуар Қалиев Павлодар облыстық телевидениесінде де қызмет атқарған. Кезінде аты аталмай қалған мәдениет пен өнер жұлдыздары жайлы және ақын-жазушыларымыз Иса Байзақов, Жаяу Мұса, Естай Беркімбаев пен атақты әнші Майра Шамсутдинованы да облысқа, қала берді республикаға алғаш танытқан да Әнуар Қалиев еді.
Ол Павлодар облысының аудандарында мәдени ошақтардың ашылуына аянбай атсалысты. Республикадағы танымал өнер жұлдыздары: Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды әншілермен тығыз байланыс жасап, Павлодар халқын әнмен сусындатты. «Досмұқасан» ансамблінің өнерін де телевидение арқылы халыққа паш етті. Тіпті Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ұжымын да алғаш Павлодар облысына әкеліп, керекуліктерді тамсандырды. Атақты Әзірбайжан Мәмбетовпен дос болды.
Оның іштегі бір арманы, көкейде жүрген ойы кезінде өртеніп кеткен, өзі алғаш өнер жолын бастаған Павлодар облыстық қазақ театрын қайтадан ашу еді.
Танымал журналист, Қазақстанның құрметті журналисі Ғалия Балтабай өзінің естелігінде былай дейді: «1987-1988 жылдары «Павлодарға қазақ театры қажет» деген телехабарым көпшілікті елең еткізді. Әрине,іштен шыққан жанайқайым ол кездегі облыс басшыларына ұнамады. Сондықтан болар, сол кездегі бас редакторымыздан қолдау таппады. Бірақ дайын хабардың блогын қолыма түсіріп, кеңсесі Алматыда орналасқан «Қазақстан» телеарнасына қоя бердім.
Ол кезде республикалық телерадионың бастығы белгілі сыншы, публицист әрі жазушы Сағат Әшімбаев болатын. Өздеріңіз білесіздер, ұлт мәселесі мен қазақ өнері дегенде күйіп-жанып кететін батыл адам емес пе?! Хабарды көріп отырып «дер кезінде көтерілген проблема» деп, эфирге рұқсат береді. Сөйтіп, «Қазақ театры өртенсе де, өнері өртенген жоқ», яғни, «Павлодарға театр қажет» деген телехабар республика бойынша көрсетілді. Сол хабарға павлодарлық тұңғыш режиссер-әртістерден Әнуар Қалиев, Қапиза Хамзина, Кәдірхан Әбдікәрімов және қазақ өнерін қалай көтереміз деп жар салып жүрген белгілі кардиолог, айтыскер ақын Мұхамадия Ахметовтер қатысты. Сөйтіп 1990 жылдың 7 желтоқсанында Павлодарда Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры дүниеге келді. Сол кезде Әнуар Қалиев өмірден өтті. Өкінішті, әрине! Театрдың ашылуын өзі көре алмаса да, оны халқы көріп, қуанған еді. Міне, ұлтжанды режиссер Әнуар Қалиев осындай тұлға болатын».
Театр үшін бүкіл өмір жолын сарп еткен Әнуар ағаның өнер жолы бүгінгі жас өнерпаздарға рухани азық, мол қазына болмақ.
Әнуар Қалиевтың өмірінің соңғы жылдары (1985-1991 жж.) Павлодар қаласындағы Жаяу Мұса Байжанов көшесі, 1 мекенжайында өтті. Қала билігі біртуар азаматтың есімін ұлықтап, осы үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатса екен дейміз. Сонымен қатар, Екібастұздан ашылған жаңа театр Әнуар Қалиевтың есімімен аталса деген тілегіміз бар…
Жұлдыз Қалиева,
Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі,
Рысты Қапатаева




