Жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде әлемде СПИД-тен қайтыс болғандарды еске алу халықаралық күні аталып өтеді. Бұл күн – АИТВ инфекциясынан өмірден өткен жандарды еске алып, олардың жақындарына қолдау білдіретін ерекше дата.
АИТВ/СПИД індеті адамзат тарихындағы ең күрделі денсаулық сақтау мәселелерінің біріне айналды. Осы дерттің салдарынан миллиондаған адам жақындарынан айырылды. Бірақ уақыт өте келе ғылым мен медицина дамып, АИТВ инфекциясын бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін тиімді ем түрлері пайда болды.
– Екібастұз өңірінде үстіміздегі жылдың 30 сәуіріндегі мәліметке сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары арасында АИТВ-инфекциясының 345 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 103 адам қайтыс болған. Кумулятивті түрде 32 науқасқа СПИД диагнозы қойылып, олардың 19-ы СПИД салдарынан көз жұмған, – деді «Павлодар облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы» ШЖҚ КМК Екібастұз бөлімшесінің эпидемиолог-дәрігері Ұлжан Мүбаракова.
Ұлжан Нұрлыбекқызының айтуынша, тіркелген фактілердің басым бөлігі 30-49 жас аралығындағы тұрғындар арасында кездеседі. Сонымен қатар статистикаға сәйкес, ер адамдар арасында АИТВ-инфекциясы жиірек анықталған – 64,6%, әйелдерде – 35,4%. Инфекция негізінен гетеросексуалдық жолмен тараған.
Бүгінде заманауи антиретровирустық терапияның арқасында АИТВ-мен өмір сүретін адамдар ұзақ әрі сапалы өмір сүріп, отбасын құрып, дені сау баланы дүниеге әкеле алады. Ең бастысы – уақытылы тексеруден өтіп, ем қабылдау.
Дегенмен қоғамда әлі де болса стигма мен кемсітушілік кездеседі. Кей адамдар АИТВ туралы дұрыс ақпараттың болмауына байланысты қорқыныш пен түсінбеушілікке тап болады.
Бұл күннің басты нышаны – қызыл лента. Ол АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қолдау көрсетудің және СПИД-тен қайтыс болғандарды еске алудың белгісі ретінде қабылданған. Әлемнің көптеген елдерінде осы күні еске алу шаралары, кездесулер, ақпараттық акциялар өткізіліп, адамдар шырақ жағып, өмірден өткен жандарды үнсіздікпен еске алады.
АИТВ инфекциясының алдын алуда халықтың ақпараттануы ерекше маңызды. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау, тұрақты тексеруден өту және дұрыс ақпаратқа сүйену – инфекцияның таралуын азайтудың негізгі жолдарының бірі.
Кенже ҚУАТ



