Қала тұрғындарының есінде болса, былтырғы жазда бұрнағы жылдармен салыстырғанда көшеде шіркей айтарлықтай аз болды. Бұл – дезинсекция шараларының сапалы атқарылғандығының нәтижесі. Биыл да шыбын-шіркейді улау жұмыстары қарқынды жүрмек.
Шіркеймен күрес қарқынды жүруде2025 жылы «Ақтөбе облыстық «Дезинсекция» бірлестігі» кәсіпорнымен 460,6 миллион теңгеге үшжылдық шарт жасалған болатын. Биыл Екібастұз өңірінде жәндіктермен күресу шараларын ғылыми тұрғыда сүйемелдеумен айналысатын «Дезофарм-ЭК» ЖШС-мен 1,8 миллион теңгеге шарт ресімделді.
2026 жылы өңірде жалпы ауданы 30 100 гектар жерді өңдеу жоспарлануда. Оның 21 100 гектары Екібастұз қаласына тиесілі: су қоймалары мен көлшіктерді шіркей дернәсілдеріне қарсы өңдеу – 1 000 га; ашық аумақтарды барьерлік өңдеу – 18 000 га; жертөлелерді өңдеу – 2100 га. Сонымен қатар, Солнечный кентінде 5000 га, Шідертіде 4000 га аумақ өңделеді.
Дезинсекциялық жұмыстар қатаң түрде «Дезинфекциялауды, дезинсекциялауды және дератизациялауды ұйымдастыру мен өткізудің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарына» сәйкес әрі ғылыми топтың энтомологиялық көрсетілімдеріне қарай жүргізіледі.
2026 жылғы сәуір айының басынан бастап мердігер ұйым мен ғылыми топ дернәсілдердің аумақтар мен су қоймаларындағы даму сатысы мен ұшатын паразиттердің ошағын зерттеді. Шыбын-шіркейдің судағы және жаз маусымындағы даму деңгейіне фенологиялық бақылау жүргізілді. Екібастұз қаласындағы су қоймалары мен Солнечный, Шідерті кенттеріне іргелес аумақтар өңделді. Қаланың 700 көпқабатты үйінің жертөлесі, кенттердегі 47 жертөле (Шідертіде – 18, Солнечныйда – 29) өңдеуден өтті.
Энтомологиялық мониторинг пен дезинсекциялық іс-шаралар қыркүйек айына дейін жалғасады. Қазіргі уақытта қала маңы мен ашық аумақтар: кварталішілік аумақтар, саябақтар мен көшебақтар, жеке сектор өңделуде.
Дезинсекциялау мақсатына қолданылатын барлық препараттар сертификатталған және пайдалану нұсқамасын сақтаған жағдайда қауіпсіз деп танылған.
Ж.АЙТЫШ



