Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің Бәйет ауылының тұрғындарымен өткен есеп беру кездесуінде ауыл тұрғыны Жанат Жамалиев ауыл ішіндегі асфальт жол, көше жарығы сияқты мәселелерді көтерді.
«Кезінде ауылымызда асфальт-бетон зауыты болған. Жабылған кезде маңына асфальт, бетон қалдықтарын шашып кетті. Әлі күнге дейін тазаланбады, –дейді ол. Сонымен қатар, бұл азамат Бәйетте жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасына алаңдаулы. «Ауыл жұртына салынып жатқан нысандарға жұмсалған қаржы, жалпы жұмыстың жай-күйі туралы есеп берілсе», – деп қосты ол. Сондай-ақ Ж.Жамалиевтың ауыл көшелерінің қалған бөлігі асфальтталса деген де тілегі бар екен.
Жалпы, Бәйет ауылы – түрлі мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының игілігіне өңірімізде бірінші болып қол жеткізген ауыл. Бәйетте әлеуметтік сала нысандары толығымен жаңарған. Бұлай болуына ауылдық округтің бұрынғы әкімі, ауыл шаруашылығының жілігін шағып, майын ішкен Докторхан Амантайдың қосқан үлесі орасан. Мұнда соңғы жылдары 150 орындық клуб пен ФАП салынып, бірнеше тұрғын үй бой көтергені белгілі. Ауылға кіреберіс жол ғана емес, ауылішілік жолдар да асфальтталған (жалпы қашықтығы 4,5 шақырым).
Шаһар басшысы өз сөзін «Жақсыны көре білген көз қымбат» деген мақалмен тұздықтай отыра, соңғы 3-4 жылда Бәйет ауылының тұрғындары үшін көптеген игілікті іс тындырылғанын алға тартты. Алдағы уақытта мұнда спорт кешені бой көтеріп, мектеп жөнделмек. Яғни, игі істер әлі де жалғасын жалғасын таппақ.
Мәдениет саласының ардагері, ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы Қайыпхан Жантелиев Аян Уахитұлының Екібастұз қаласының тізгінін сындарлы сәтте қолға алғанын атап өтіп, қала басшысына жемісті жұмысы үшін алғыс білдірді.
Жиында, сондай-ақ, Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов Бәйет ауылының учаскелік инспекторы зейнетке шыққанын айтып, жұртшылыққа жаңа инспектор – Қайрат Мұхтаровты таныстырды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына интернет алаяқтарынан сақ болуды ескертті.
Жалпы, Бәйет ауылының әлеуметтік-экономикалық ахуалы 2023 жылдан бері қарқынды көтерілуде. Мұнда салынып жатқан денешынықтыру кешені – өңір ауылдары арасындағы алғашқы жоба. Атығай ауылындағы құрылысы 2025 жылы басталған 120 орындық мектеп биыл есігін айқара ашады. Атығай ауылында қашықтығы 3,2 шақырымдық ауылішілік жолдар 157 миллион теңге сомаға асфальтталуда (орташа жөндеу). Бір сөзбен айтқанда, бүгінде Қанат Шайхсламов басшылық етіп отырған Бәйет – гүлденген ауылдар қатарында.
Ж.ӘБДІКӘРІМ





