«Чернобыль» деген сөз бізге бала кезімізден етене таныс. Украина жерін дүр сілкіндірген жарылыстың қаншалықты қорқынышты екенін терең түйсінбесек те, үрейін кішкентай жүрегімізбен сезіндік. Апаттан зардап шеккен өңірлерге көмек ретінде қалың елден қаражат жиылып жатқанынан бұл нәубеттің жеңіл-желпі қиыншылық емес екенін білдік. Одан бері қырық жыл зулап өтіпті. Бұл жылдар бір қарағанда күнтізбедегі өзгеріс, әншейін жылжып жатқан өмір сияқты. Ал Чернобыль зобалаңын бастан кешкендер үшін – жанкештілік жылдары.
Жерлесіміз – Қабдылқамыт Қаржасов Ертіс ауданының Үлгілі ауылында дүниеге келіп, Павлодар индустриалдық институтында білім алған уақытта әскери кафедрадан аға лейтенант шенін алған. Чернобыльге 1989 жылғы сәуір айында әскери комиссариат арқылы шақырылған запастағы офицер ол кезде 31 жаста, үйленген, екі баланың әкесі еді. Апат салдарларын жоюға негізі үйлі-баранды, бала сүйген азаматтарды алып жатты, өйткені ағзасын радиациямен улаған адамдардың ұрпақ сүюі неғайбыл.
– Чернобыль атом электр станциясындағы апат зардаптарын жоюға Павлодар облысынан аттанған 67 азаматтың бәрі офицерлер еді. Бастапқыда бір ай бойы Чернобыльден 30 шақырымда орналасқан Хойники (Белоруссия жері, Гомель облысы) селосында балабақшалар мен мектептерді тазартып, залалсыздандыруға күш салдық. Ал тұрағымыз Чернобыльден 30 шақырым қашықтықта орналасқан Дудичи елді мекеніндегі (ол да Белоруссия жерінде) тазартылған мектеп болды. Алдымен Дудичидегі аулаларды тазарттық. Топырақтың беткі қабатының 20-30 см қыртысын сыпырып алып, орнына таза топырақ салдық. Ескі топырақ шалғай жерге тасылып, көмілді. Ғимараттардың шатырларын да ауыстырмасқа болмайтын еді – бәріне радиация сіңген. Мінген техникамыздың моторы сынса немесе әлдебір бөлшегі ақауланса, оны жөндемей, бірден көміп тастайтын. Тағамға жергілікті өнімді тұтынуға болмайтын, тасымалмен әкелінген азық-түлікті тұтындық. Біз Чернобыль жерінде 156 күн болдық. Жалпы, апат салдарларын жою шаралары 2000-шы жылдардың басында да жалғасып жатты… – деп еске алады ол күндерді Қабдылқамыт Насырұлы.
Атом энергетикасы тарихындағы ең ірі апат – Чернобыль атом электр станциясының 4-энергоблогындағы атом реакторының жарылысы 1986 жылғы 26 сәуірге қараған түні болды, бұл энергоблок Припять қаласының жанында орналасқан еді. Жоспарлы жөндеу жұмыстарына дайындық жүріп жатқан кез болатын. Электрмен қамтамасыз етудің апат кезіндегі балама көзі болып саналатын турбогенератор роторы сынақтан өткізіліп жатты. Сынақ барысында операторлар реактор қуатын азайтуға тырысқанымен, қуатты бағындыру мүмкін болмай қалды. Реактор енді тоқтар дегенде суыту жүйесі істен шығып, су буының екі жарылысы болып, реактордың өзі бұзылды және шатырдың күлі көкке ұшты. Реактордың белсенді аумағындағы өрттен атмосфераға радиоактивті бөлшектерді тарап кетті.
Апат болған түні станцияның екі жұмысшысы көз жұмды. «Өткір сәуле ауруы» диагнозымен ауруханаға жатқызылған 134 адамның 28-і бірнеше айдан кейін өмірмен қоштасты. Бірақ бұлар – тек бастапқы тіркелген сандар ғана. Ауаға тараған йод-131 және цезий-137 сынды радиоактивті заттар Украина, Белоруссия және Ресей сынды оннан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін зақымдап, 5 миллионға жуық халық зардап шекті. Апат салдары он мыңдаған адамдардың обыр ауруымен алысуына әкеліп, өмірлерін ойрандады. Чернобыль апатының зардаптарын жойға атсалысқан жандар өмір бойы аурумен күресіп келеді. Қазақстан Республикасындағы «Чернобыль одағы» қауымдастығының 2016 жылғы деректерінде Чернобыль апатының салдарын жоюға Қазақстаннан қатысқан 32 мың адамның 5900-ы ғана тірі қалғаны тіркеліпті. Апат салдарын жоюға Кеңес Одағынан жалпы 600 мыңдай адам тартылған. Павлодар облысынан бұл мақсатқа 1200 адам аттанса, 2016 жылы олардың 320-сы ғана қалған көрінеді.
– 2006 жылы «Екібастұз қаласындағы «Чернобыль» одағы» қоғамдық бірлестігі құрылғанда, өңірімізде – 78, 2016 жылы 53 чернобыльші болған еді, қазір 35 адам ғана қалдық, – дейді Қабдылқамыт Насырұлы. – Чернобыльшілердің басым бөлігі 1986 жылы әсери борышын өтеп жүрген жастар болатын. Біздің бірлестік қатарында әйелдер де бар, олардың кейбірі апат салдарын жою кезінде аспаз болған. Сарбаздардың бір тобы сол кезде апаттан зардап шеккен елді мекендерді ұры-қарыдан қорғады. Себебі радиация сәулесі сіңген заттарды одан ары тұтыну қауіпті. Тұрғындар эвакуацияланғанда, олардың барлық дүние-мүлкі қалды, оларды қайтып ұстауға да болмайтын. Ал атом электр станциясының өз басында дәнекерлеушілер небәрі 1, 3, 5 минуттан ғана жұмыс істей алатын.
Апат болған жердегі елді мекендердің көбі бос қалды. Мәселен, баяғы кеңестік дәуірдегі келбетін сақтап қалған Припять қаласы ашық аспан астындағы музейге айналған.
Бір қызығы, бертінгі жылдары Чернобыльге назар аударған туристер қатары көбейіпті. Ал италиялық фотограф Пьерпаоло Миттика радиация деңгейі әлі де жоғары бұл аймақтағы заман ағымын жылдар бойы құжаттап келеді. Оның объективіне апат салдарымен алысқан жандардың жұмысы, жан-жақтан ағылған туристер, тіпті соғыстың салқын таңбасы да іліккен. «Чернобыльдің хикаясы енді ғана басталып келеді», – дейді фотограф. Қазіргі уақытта күніне кемінде 600 адам Чернобыль атом станциясына тазарту жұмыстарын жалғастыру үшін келеді екен. Бұл процесс 2060 жылдарға дейін жүргізілмек. Зақымдалған реактор айналасындағы 30 шақырымдық аймақта сарбаздар мен өрт сөндірушілер қызмет етіп, орманшылар мен туған мекеніне қайтып оралған қарттар өмір сүруде.
Қабдылқамыт аға сияқты чернобыльші батырлар болса жас ұрпаққа елді сүю, Отан алдындағы парыз жайлы тәлімді әңгімелер айтудан жаңылған емес. Түрлі патриоттық шараларда, салтанатты жиындарда Чернобыль ерлері көпшіліктің ортасынан табылып, ерлікті дәріптейді.
– 2016 жылы, яғни, Чернобыль апатына 30 жыл толғанда, біз Жастар бастамаларын дамыту орталығымен бірлесіп колледждер студенттерімен кездесу ұйымдастырдық, қалалық музей мектеп оқушыларымен басқосу өткізді. Чернобыль апатының салдарларын жоюға қатысқандарға арнап монумент қоюды жоспарлағанбыз. Дәулет Сыздықов, Қайыржан Жакуповпен бірігіп монументтің эскизін сыздық. Жобалаушы Шыңғыс Қалдығұлов эскизді компьютерге түсіріп, монументті баянауылдық шебер Қайыргелді Жәмінов Баянауылдың гранитінен қашады. Ал Павлодар облысы суретшілер одағының төрағасы Өсербай Шуранов пен суретші Қарасай Нұркенов диаметрі 750 мм «Қазақстан Чернобыль ардагерлері» эмблемасын, биіктігі 180 миллиметрлік «Парыз. Намыс. Отан» сөздерін құйды. Қара мәрмәрдың жазуын Александр Семиков қашады. Әрқайсысы 4000Х2000 мм өлшемге ие гранит тақталар орнату және тротуар төсеу жұмысын «Вершина» ЖШС орындады. Осылайша Екібастұз қаласы әкімдігінің қолдауымен ескерткіш «Шахтер» саябағынан орын тепті. Қаражатын жергілікті демеушілер көтерді, – дейді Қабдылқамыт аға.
Жанаргүл Қадырова





