9 мамыр күні Екібастұздағы Даңқ ескерткішінде Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Жиналған қауым майдан даласында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Салтанатты жиынға қала әкімі Аян Бейсекин, қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов, тыл және еңбек ардагерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, депутаттар, еңбек ұжымдары мен қала тұрғындары қатысты.
Даңқ ескерткіші маңында сап түзеген ұжымдар майдангерлер рухына тағзым етті. Үрмелі аспаптар оркестрі орындаған патриоттық шығармалар шараның мазмұнын айшықтай түссе, «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің оқушылары ұсынған «Мамыр вальсі» көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Жеңіс күні – ерлік пен елдіктің қадірін ұғындыратын, тарихқа тағзым жасайтын ерекше күн. Бұл – бейбіт өмір үшін жанын қиған батырлардың рухына құрмет көрсетіп, кейінгі ұрпаққа олардың ерлігін үлгі ететін тағылымды мереке. Бүгінде өңірде 269 тыл ардагері тұрады, Ұлы Отан соғысының бірде-бір ардагері қалмаған. Дегенмен майдангерлердің жанқияр ерлігі мен өнегелі ғұмыры халық жадында мәңгі сақталады.
Мереке күні қала әкімі Аян Бейсекин тыл ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады. Солардың бірі – тыл еңбеккері, еңбек ардагері Владимир Яковлев. Соғыс жылдарындағы ауыр балалық шаққа қарамастан, ол өмір жолында табандылық танытып, №1 автобазада ұзақ жыл жүргізуші болып еңбек еткен. Қала дамуына өзіндік үлес қосқан ардагер бүгінде балалары, немерелері мен шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр.
Сонымен қатар, шаһар басшысы Ұлы Отан соғысының ардагері Жұмаш Абсаликовтың жұбайы Жарқия Елубаева мен еңбек ардагері Сәлима Әкішеваның шаңырағына барып, мерекелік лебізін жеткізді.
Ділназ Серікбай






