7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «Өнер» қалалық мәдениет сарайында «Ері бар елдің – айбыны асқақ» атты мерекелік концерт өтті. Салтанатты жиын Мемлекеттік Туды көтеру рәсімімен басталып, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды.
Шара барысында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жиналған қауымды мерекемен құттықтап, Отан алдындағы адал қызметтің маңызын атап өтті:
– Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – батыр бабалар аманаты мен бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышын айшықтайтын ерекше мереке. Жыл сайын 300-ден астам екібастұздық жас сарбаз Қарулы Күштер қатарына қосылып, ел қорғаны болудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Сондай-ақ құқық қорғау органдары, арнаулы және күштік құрылым қызметкерлері қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуде. Отан қорғау жолында қызмет етіп жүрген барша азаматтарға, ардагерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің ерліктеріңіз бен табандылықтарыңыз – ел мақтанышы, – деді шаһар басшысы.
Салтанатты шара барысында түрлі салада абыройлы қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Павлодар облысы әкімінің құрмет грамотасымен Екібастұз қаласы прокуратурасының прокуроры Риза Түсіпова мен №47 мекеменің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс жүргізу жөніндегі бөлімі басшысы Мейрамбек Айтуаров марапатталды.
«Екібастұз қаласының алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі ішкі істер органдарының ардагерлері Серік Әбікенов пен Қабдылуахит Тұрсынғалиевқа, сондай-ақ, «Өнер» қалалық мәдениет сарайының директоры Талғат Сағынтаевқа табысталды.
Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамотасымен №12 ЖОББМ алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Серікбай Аужанов, ішкі істер органдарының ардагері Елнұр Букаев, №25 қазақ қыздар гимназиясының алғашқы әскери дайындық және денешынықтыру пәнінің мұғалімі Жұмажан Жапаров, №33 ЖОББМ алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Бақытжан Қасымов, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС қауіпсіздік қызметінің топ басшысы Асылбек Оразалин, №18 ЖОББМ алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Манарбек Сейсов, №47 мекеме бастығының орынбасары Бауыржан Сыраубаев және ішкі істер органдарының ардагері Еркін Темірғалиев марапатталды.
Алғыс хаттар Ақкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Базар Әбілшайықовқа, Павлодар магистральдық желі бөлімшесінің филиалы бастығының орынбасары Шахмардан Алмағанбетовке, Екібастұз қаласы ПБ-ның учаскелік полиция инспекторы Садуат Уахитке, №47 мекеменің асхана меңгерушісі Қанатбек Дәулетовке, Екібастұз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Тамерлан Жапаровқа, «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ ақпараттық және экономикалық қауіпсіздік тобының жетекші маманы Шыңғыс Жапаровқа, полиция басқармасы аймақтық тобының жедел уәкілі Асхат Есентаевқа, Екібастұз қаласы әкімдігі аппаратының бас маманы Жасұлан Есмағанбетовке, «Шығыс» кенішінің қауіпсіздік және бақылау-ревизиялық қызметі жөніндегі маманы Саламат Камеровке және «Богатырь Көмір» ЖШС ақпараттық қамтамасыз ету және қызметкерлер қауіпсіздігі бөлімінің аға инспекторы Есенгелді Нұрғазинге табысталды.
Қаланың өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Джуманджи» үлгілі хореографиялық ансамблі орындаған «Самғау» биі кештің көркін аша түссе, халықаралық байқаулардың жүлдегері, екібастұздық әнші Айбар Әшкеев туған жер мен Отан туралы патриоттық әндерді орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сонымен қатар Наталья Процкая, Алтынгүл Бақытхан, Нұрым Алжапаров және Лейла Сейсенбаева өнер көрсетіп, мерекелік кештің сәнін кіргізді. Кештің арнайы қонағы – эстрада әншісі Маржан Арапбаева сахнаға шығып, әсерлі әндерімен көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
Ділназ Серікбай






