12 мамыр күні «Шахтер» стадионында қалалық «Жас құтқарушылар» жарысы өтті. Танымдық әрі тәжірибелік маңызы зор сайыс Екібастұз қаласының төтенше жағдайлар басқармасы мен «Қайнар» балалардың бос уақытын қамту кешенінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Жарысқа қала мектептерінің оқушылары қатысып, өздерінің ептілігі мен дайындық деңгейін көрсетті. Қатысушылар саптық дайындықтарын паш етіп қана қоймай, құтқарушылар қолданатын арнайы құрал-жабдықтарды пайдалану шеберліктерін де ортаға салды.
Сайыстың әділ өтуіне жауапты қазылар алқасы құрамына Екібастұз қаласы ТЖБ №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Дидар Түсіпов, Екібастұз қаласы құтқару бөлімшесінің жетекшісі Марат Оспанов, ерікті іздестіру жасағының үйлестірушісі Айгүл Құрметхан, «Қайнар» ББК-нің денешынықтыру нұсқаушысы Темірлан Егубаев және жедел жәрдем қызметінің жоғары санатты фельдшері Ерлан Әлиақпаров енді.
Екібастұз қаласы төтенше жағдайлар басқармасы Азаматтық қорғаныс тобының аға офицері Бахтияр Ілиясовтің айтуынша, мұндай жарыстардың басты мақсаты – жасөспірімдердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын дамыту.
– Бұл жарыс балаларды кез келген төтенше жағдайда сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Сонымен қатар, өз қауіпсіздігіне ғана емес, айналасындағы адамдардың өміріне де жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді, – деді ол.
Қатысушылар жеребе арқылы топтарға бөлініп, бес кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы таныстыру кезеңінде командалар «Жас құтқарушылар» тақырыбында өздерін таныстырып, қауіпсіздік саласындағы білімдері мен төтенше жағдайларда әрекет ету машықтарын көрсетті.
Одан кейін жас құтқарушылар жауынгерлік киімді белгіленген уақытта кию, газтұмылдырықты дұрыс пайдалану, құтқару түйіндерін байлау және алғашқы медициналық көмек көрсету кезеңдерінде бақ сынады. Әсіресе «Өрт эстафетасы» көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл кезеңде оқушылар өрт сөндірушілердің күнделікті қызметін тәжірибе жүзінде орындап көрді. Олар түрлі кедергілерден өтіп, зардап шеккен адамды қауіпсіз жерге алып шығу, өрт сөндіру көлігінен берілген күшті су ағынымен шартты өртті сөндіру секілді тапсырмаларды орындады.
Ал «Алғашқы медициналық көмек көрсету» кезеңінде қатысушылар теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырды. Арнайы манекендер арқылы жас құтқарушылар зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсету тәсілдерін пысықтап, өздерінің дайындық деңгейін көрсетті.
Тартысты өткен жарыс қорытындысында №5 жалпы орта білім беру мектебі үшінші орынды иеленді. Екінші орынға №18 мектеп командасы жайғасса, барлық кезеңде жоғары нәтиже көрсеткен №7 гимназия-мектебінің жас құтқарушылары жеңімпаз атанды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ал бас жүлдені иеленген №7 мектеп командасы мамыр айының соңында Павлодар қаласында өтетін облыстық кезеңге жолдама алды.
Ділназ Серікбай







