7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Екібастұз қаласында патриоттық рухқа толы тағылымды шара өтті. Отан қорғаушылар саябағында ұйымдастырылған мерекелік жиынға қала тұрғындары, ардагерлер, әскери қызметкерлер мен жастар жиналып, ел тыныштығы жолында жанын қиған батырларды еске алды.
Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Салтанатты жиынға қатысушылар елдің айбынын асқақтатып, туған жерін жаудан қорғаған бабалардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Бұл күн, әсіресе, әскер қатарына аттанғалы тұрған он бозбаланың есінде қалары сөзсіз. Олар үшін бұл – үлкен өмір мектебіне бастар алғашқы әскери қадам. Алдағы бір жылда жас сарбаздар әскери тәртіпке бағынып, Отан алдындағы борыштарын өтемек.
Сап түзеген жас жігіттер сахна төріне көтеріліп, естелік сыйлықтарға ие болды. Болашақ сарбаздарға Екібастұз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің басшысы Махамбет Түсіпбеков пен «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мариям Мәлікова жылы лебіздерін білдіріп, сәт сапар тіледі.
Шараға жуырда ғана әскер қатарынан оралған Таңнұр Тілеутаев та қатысы. 2006 жылы туған жас сарбаз Қонаев қаласындағы №32363 әскери бөлімнің 35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасында қызмет еткен. Кіші сержант шеніндегі жас жауынгер әскери өмірдің тәртіп пен төзімділікке үйрететінін айтып, әскерге аттанғалы тұрған жастармен өз тәжірибесін бөлісті.
Отансүйгіштік рухты дәріптеген мерекелік шарада «Сап және саптық ән» байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Әскери-патриоттық байқауда 3-орынды Қосым Пішенбаев атындағы тау-кен техникалық колледжі иеленсе, 2-орын Екібастұз политехникалық колледжіне бұйырды. Ал жүлделі 1-орынды Екібастұз медициналық колледжінің студенттері жеңіп алды. Жеңімпаздарға кубоктар, дипломдар мен сертификаттар табысталды. Жеңімпаз командалар саппен жүріп өтіп, сахнада рухты әскери әндер орындады. Бұл шара елін сүйген ерлерге тағзым етіп, жастардың патриоттық рухын оятқан мазмұнды мерекеге айналды.
Ділназ Серікбай






