«Достық үйінде» «Горэлектросеть» ЖШС-інің электрмен жабдықтау қызметіне арналған шекті баға жобасын қарау жөніндегі өтініміне орай көпшілік тыңдау өтті. Шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары К.Байгожанова, «Горэлектросеть» ЖШС өкілдері, отызға жуық тұрғын қатысты.
Ең алдымен «Горэлектросеть» ЖШС бас инженері Сергей Даниленко кәсіпорынның қазіргі жайы туралы айтып өтті. Бас инженердің айтуынша, бүгінде ЖШС-інде 362 адам жұмыс істейді екен. Кәсіпорын Екібастұз қаласына, 2 кентке, 7 ауылдық округке қызмет көрсетеді. Заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларды қоса есептегенде жалпы 58 037 тұтынушы кәсіпорын қызметін пайдаланып отыр.
Бұдан соң сөз алған басқарма басшысының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары С.Феденко электр энергиясын таратудың қымбаттауын жалақының өсуімен, өздеріне көрсетілетін қызмет бағасы көтерілуімен, жалпы инфляциямен байланыстырды. Шығындардың ішіне қызметкерлердің жалақысын көтеруден басқа түбіртектерді басып шығару, қызмет көрсетуді де кіргізіпті. Бұдан әрі экран арқылы слайдтар мен түсініксіз бұйрықтарды жұрт назарына ұсынды. Түсініксіз деп отырғанымыз, экранда көрсетілген ұсақ қаріппен жазылған цифрлар мен жазулар жиналғандарға мүлде ұғынықсыз, тек сызық ретінде көрінді. Сапасыз слайдтың мәнісін түсіндіруді сұраған тұрғындарға «сайтта бәрі көрсетілген» деп сырғақтатты. Жария тыңдауға келген зейнет жасындағы адамдардың бәрі сайт ақтарып отырмасы белгілі. Осыдан-ақ кәсіпорын өкілдерінің көпшілік тыңдауға немқұрайды дайындалғанын көруге болатындай.
Сонымен, С.Феденко келтірген деректерде энергияның бастапқы тарату құны, яғни, бірыңғай таратушы «РФЦ» ЖШС белгілеген баға еш өзгермеген, сол баяғы әр киловатына 11 теңге күйінде қалыпты. Жалпы, тарифке энергия сатып алумен қатар, оны жеткізу мен тарату бағасы да кіретіні белгілі. Осының бәрін есептей келе, кәсіпорынның бұрынғы базалық тарифі 32,04 теңге, ал жаңа тариф жобасы 36,42 теңге (екеуі де ҚҚС-сыз көрсеткенде) болып отыр. Яғни, кәсіпорын тарифті 13,7 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Ескеретін жай, «Горэлектросеть» ЖШС соңғы рет тарифті 2025 жылдың тамыз айында ғана көтерген болатын.
Енді бұл жобаның халықтың қалтасына қаншалықты салмақ салатынын көрелік. Егер осыған дейін 1 адам 110 киловатқа дейін 2575 теңге төлесе, жаңа жобаға сәйкес 2927,9 теңге төлейді. Егер 1 тұтынушы 180 киловатт пайдаланса, қазіргі тарифпен – 4575 теңге, жаңаша 5201,8 теңге төлемек.
Тұтынушылар атынан сөйлеген бірнеше адам тарифті көтеруге қарсы екенін білдірді. Қызмет сапасына да наразылықтарын айтты. Бұқар жырау көшесіндегі жеке секторда тұратын зейнеткердің айтуынша, тиісті 220 вольттің орнына үйге 200 вольт қана жеткізіледі. Бас инженер бұл мәселенің мән-жайын анықтауға уәде берді. Тұрғындар халықтың дұрыс құлақтанбағанын да алға тартты. Сондай-ақ, отырысқа бірде-бір халық қалаулысы қатыспағанына реніш білдірді.
Қоғамдық белсенді А.Разумовский кәсіпорын өкілдерінен әкімшілік персонал жалақысының өсуі, қызметтік көлікке, кеңесшілерге, мердігерлік ұйымдарға, сыйақы беруге кеткен шығындар туралы толық ақпарат беруді талап етті. Сонымен бірге, қарызын төлемей жүрген тұрғындармен жұмыс қалай жүріп жатқанын сұрады. Содан соң өзінің ұсынысын да айтып өтті.
– Мына қағаздардың ішінен шығындардың толық есебін, өткен жылы көтерілген тарифке қатысты салыстыруды көрмей тұрмын. Инвестициялық бағдарламаларыңыз қайда? Барлық шығынды тарифке жүктеп, халықтың иығына артуға болмайды. Кәсіпорын жоғары вольтті кернеуді төмендететін трансформаторды инвестициялық бағдарлама аясында сатып алғаны дұрыс болар еді, – деген қоғамдық белсендінің сөзіне отырғандар толық қолдау білдірді.
Расымен, осы қадамға барса, кернеуді төмендететін қосалқы станциялары бар «ПРЭК», «КЕGОC» сияқты делдал кәсіпорындарға артық шығындалмас еді. Бұл тарифті де біраз жылға тұрақтандыруға мүмкіндік берер еді.
Отырыс соңында тұтынушылар қатысушылар саны жеткіліксіз болғандықтан, көпшілік тыңдау өтті деп тануға болмайтынын айтты. Жария тыңдау туралы қорытынды шешімді Департамент қабылдайды.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ





