Таяуда Екібастұз қаласының дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлердің бірі – Валентина Халикова 95 жасқа толды. Айтулы күнге орай ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев кейуанаға қала әкімі Аян Бейсекиннің құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаты Жетпісбай Жакупов қарияны құттықтап, сый-сияпат тапсырды. Валентина Семеновна 1931 жылы Новосібір облысында дүниеге келген. Ерте жетім қалып, бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласқан. Геология саласында, кейін зағиптар қоғамында еңбек еткен.
Жеңіс мерекесі қарсаңында қалалық мәслихат депутаты Жетпісбай Жакупов Орталық округ ардагерлер кеңесінің төрайымы К.Оспановамен бірге өз сайлау учаскесінде тұратын еңбек ардагерлері Т.Попова мен А.Андрющенконы да құттықтады.
Александр Андрющенко 1932 жылы Ерейментау ауданының Новокаменка ауылында дүниеге келген. Балалық шағы 30-шы жылдардағы ашаршылыққа және соғыс жылдарына тұспа-тұс келген. Тың игеру жылдары тракторшы-комбайншы болып жұмыс істеп, Ленин орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталған.
1933 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зырян қаласында дүниеге келген Таисия Попова Алматы кинотехникумын бітіргеннен кейін Өскеменде киномеханик болып жұмыс істеген. Әр түрлі мамандықтарда – кітапханашы, экономист болып еңбек етті.
Халық қалаулысы тоғыз асуды бағындырған қарияларға мықты денсаулық тіледі.
Ж.Мырзағұл




