Екібастұз қаласында ұлттық спортты дамытуға бағытталған ірі шара өтеді. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақберген Жұмабаев баяндаған болатын. Оның айтуынша,
16 мамыр күні қалалық ипподромда ауқымды ат спорты жарысы — EKIBASTUZ CUP ұйымдастырылады.
Брифинг барысында спикер алдағы доданың мазмұны мен маңызына тоқталды.
– Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды шара бағдарламасына сәйкес 1200, 1600, 1800 және 2000 метр қашықтықтарға ұшқыр бәйге, сондай-ақ, көкпар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, нағыз төзімділікті талап ететін 18 шақырымдық аламан бәйге де өтеді, – деді А.Жұмабаев.
Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген шабандоздар қатысады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан да спортшылардың келуі ықтимал. Бәйгеге тігілетін жүлде қоры да қомақты: жеңімпаздарға 5 автокөлік пен ақшалай сыйлықтар қарастырылған. Қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы болу үшін бәйге күні ипподром бағытына қоғамдық көлік қозғалысы ұйымдастырылады.
Брифингте қазақстандық ат спортының жетістіктері туралы да айтылды. Qazaq Jockey Club өкілі Владимир Цой әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген танымал шабандоз Бауыржан Мырзабаевтың жетістіктеріне тоқталды.
– Бауыржан Мырзабаев – қазақ ат спортының мақтанышы. Ол 2013-2015 жылдары Чехияда үш мәрте чемпион атанса, 2019-2022 жылдары Германияда төрт рет үздік жокей атанды. Париждегі «Триумф аркасы» күніндегі жарыста жеңіске жетіп, Сауд Арабиясында өткен International Jockeys Challenge турнирінде де топ жарды. Биылғы маусымда да ол чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі, – деді В.Цой.
Владимир Цой Екібастұзда өтетін бұл дода ұлттық ат спортының дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай ауқымды жарыстар өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуға, жас спортшыларды ынталандыруға және халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасуға жол ашатынына сенім білдірді.
Жалпы, Қазақстанда ат спорты жүйелі түрде дамып келеді. Елімізде 600 мыңнан астам адам ұлттық спортпен тұрақты түрде айналысады. 2026 жылы елімізде тұңғыш рет Халықаралық ат спорты федерациясы (FEI) аясында үш бірдей ірі турнир – Әлем кубогының кезеңі, FEI World Cup Challenge финалы және Еуразиялық лига финалы өтеді деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, Астанада Ұлттық спорт университетін ашу көзделіп отыр екен. Өңірлерде, соның ішінде Павлодар облысында ипподромдар заманауи талаптарға сай жаңартылуда. Ал қазақстандық төрешілер мен сарапшылар халықаралық деңгейдегі арнайы курстардан өтіп, жаңа сертификаттарға ие болуда.
16 мамырда өтетін EKIBASTUZ CUP жарысы да тек бір күндік дода емес, ұлттық спорттың дамуына ықпал ететін маңызды кезеңдердің бірі болмақ.
Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ




