№18 жалпы орта білім беру мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, әділдік, еңбекқорлық және адалдық сияқты құндылықтарды қалыптастыру.
Кездесу барысында оқушыларға адал еңбектің маңызы, әрбір мамандықтың қоғамдағы рөлі кеңінен түсіндірілді. Іс-шараға Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов, Қазақстан Республика-
сының Еңбек ерлері Рышат Әмренов пен Мұрат Қайыргелдин, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Серік Сәдуақасов, ардагер ұстаз Алма Әбілқасымова, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Бәтима Кама-
лиденова және Ауған соғысының ардагері Қабдулқаир Мешітбай қатысты.
– Адалдық адам баласына тән ең асыл қасиеттердің бірі. Біз жас ұрпаққа тек білім беріп қана қоймай, олардың санасына парасат, бойына ізгілік дарытуымыз қажет. Бұл жолда зор жауапкершілік ұстаздар мен білім саласының мамандарына жүктеледі. Мектеп қабырғасында берілген тәрбие – ертеңгі ел болмысының айнасы. Бүгінгі жастар – ертеңгі мемлекет тірегі. Сондықтан оларды сапалы біліммен қатар, рухани-адамгершілік құндылықтарға баулу – басты міндет, – деп атап өтті №18 ЖОББМ-нің директоры Саламат Избастина.
Шара аясында оқушылар бес топқа бөлініп, таңдаған мамандықтары бойынша жобаларын қорғады. Әр топ өз жобасын жоғары деңгейде ұсынып, тыңғылықты дайындықтарын көрсетті. Оқушылардың ізденісі мен шығармашылығы көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.
Кездесу барысында мектеп оқушыларының орындауында музыкалық нөмірлер ұсынылып, кештің мазмұнын байыта түсті.
Тағылымды кездесу жас ұрпаққа адал еңбектің қадірін ұғындырып, әр мамандықтың қоғам үшін маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді. Осындай мазмұнды шаралар оқушылардың болашаққа деген көзқарасын қалыптастырып, елге қызмет етуге деген ынтасын арттыра түсетіні сөзсіз.
Ділназ Серікбай





