Мемлекет жастар саясатының тыңғылықты жүргізілуіне айрықша мән беріп отыр. Жас буын ойшыл, білімді, қоғамдық істерде белсенді болса, ел келешегі де жарқын болмақ. Қала әкімінің аппарат кеңесінде «2026 жылы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы» мәселе қаралып, бұл жөнінде Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Еркін Құсан баяндама жасады.
Баяндамада айтылғанындай, биылғы жылы жастар саясатын жүзеге асыруға қалалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп отыр. Мәселен, былтыр бұл мақсатқа 20 миллион теңге жұмсалса, биыл 72 миллион теңге жұмсалмақшы. Сонымен қатар, қала басшысы Аян Бейсекиннің қолдауымен Жастар бастамаларын дамыту орталығының штаты психолог, маркетолог, мобилограф, спорт, жастар істері жөніндегі мамандармен толықтырылыпты.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы өз жұмысын 11 әлеуметтік жоба аясында жүргізіп отыр. Мәселен, Екібастұз қаласында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру әлеуметтік жобасы аясында үш ай ішінде 50 іс-шара өткізіліпті. Жыл аяғына дейін тағы 150 іс-шара өткізіледі. Ал Екібастұз қаласындағы және өңірдегі түрлі этнос өкілдерімен 14 іс-шара ұйымдастырылған. Жалпы, жоспарда 30 іс-шара межеленген екен. Сонымен қатар, ауылдық округтер, Солнечный және Шідерті кенттері жастарымен жұмыс өрістетіліп, Екібастұз қаласында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге, экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған көптеген іс-шара қолға алыныпты.
Әлеуметтік жоба шеңберінде жоспарланған іс-шаралар да жастарға тартымды болып тұр. Соның бірі – қала әкімінің қолдауымен өмірге келген Екібастұз қаласы жастарына арналған Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жастар сыйлығы. Аталмыш сыйлыққа биылғы жылы белсенді жастар арасынан 10 адам ие болады. Және олардың әрқайсысы 200 мың теңге көлемінде сыйақы алады.
«BIRGEMIZ EKB» әлеуметтік жобаларға идеялар байқауы да жастардың қызығушылығын туғызып, 20 өтінім техникалық іріктеуге жіберіліпті. Оның нәтижесі кейін жария етіледі.
Өз баяндамасында Жастар бастамаларын дамыту орталығы директоры Еркін Құсан волонтерлармен жұмыс жайын да айтып, «Жасыл ел» жасағының маңызын да тілге тиек етті.
Жалпы, биылғы жылы әртүрлі іс-шараларға 38 мың жас қамтылады екен.
Аппаратық кеңесте қаралған мәселені түйіндей келе, қала басшысы Аян Уахитұлы жастармен жұмыстың соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілгенін әрі сапалы да мазмұнды өткізіліп жүргенін атап өтті. Ендігі уақытта облыстық не республикалық деңгейде іс-шаралар ұйымдастырып, Екібастұз жастарының әлеуетін жарқыратып көрсету қажет деген кеңес берді.
Ж.Жәлелұлы



