Такси қызметін көрсетушілермен арадағы келеңсіздіктер туралы кейінгі кездері көп айтылып жүр. Әсіресе жүргізуші тарапынан болған дөрекілікке, көлік жүргізу барысында жүгізушінің мобильді телефонмен сөйлесуіне куә болған адамдар наразылық білдіруде. «Мұндайда не істеу керек?» деген сұраққа қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте патруль қызметін ұйымдастыру тобының аға инспекторы Ерсін Азаматов жауап берді.
– Полиция жолаушылар тасымалына, соның ішінде такси қызметіне ерекше көңіл бөледі. Себебі такси қызметін күн сайын мыңдаған адам пайдаланады. Егер сіз мінген такси жүргізушісі алкоголь тұтынған болса немесе телефонмен сөйлесіп ескертуіңізге құлақ аспаса, бейнекамераға түсіріп, 102 нөміріне қоңырау шалыңыз. Кезекшіге қай бағытта келе жатқаныңызды, көліктің нөмірін айтсаңыз болады. Шұғыл басқару орталығы арқылы көлікті анықтау қиындық туғызбайды, – дейді аға лейтенант Ерсін Азаматов.
Жолаушылардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол-патрульдік полиция қызметкерлері бірқатар кешенді шараны жүзеге асыруда. Осы мақсатта қаламызда рейдтер, жедел-профилактикалық шаралар ұйымдастырылған. Жедел шара барысында полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқару, жылдамдықты асыру, ұялы телефонды қолдану сияқты құқық бұзушылыққа назар аударады. Мұндай жүргізушілер жолаушыларға қауіп төндіреді. Такси жүргізушілерінің, сондай-ақ, қызмет көрсетуге қажетті құжаттары, медициналық бақылау, сақтандыру полисінің болуы, көліктің техникалық жағдайы тексеріледі. Құжаттары дұрыс болмаған жағдайда ҚР ӘҚбК номаларына сәйкес, әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.
– Тасымалдау қызметі дегенде, тұрғындардың көбі пайдаланатын автобус тасымалын ұмытпауымыз қажет. Осы орайда «МАИС», «Жоламан» ЖШС жүргізушілерімен кездесіп, заңнамадағы өзгерістерді түсіндіреміз. Осындай жұмыстар халық арасында да жүргізіледі. Тұрғындарға тек ресми такси қызметін пайдаланып, жүргізуші мен көлік туралы ақпаратты анықтауға мүмкіндік беретін мобильді қосымшаларды қолдануды ескертеміз. Бүгінде цифрландырудың да маңызы зор. Геолокация мен бақылау жүйелерін қолдану такси қозғалысын бақылауға, құқық бұзушылықты тіркеуге, төтенше жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, – деді тәртіп қорғаушы.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ




