1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Екібастұз қаласында ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұл күн шынайы мерекелік көңіл күй сыйлап, бірлік пен татулықтың айқын көрінісіне айналды.
«Қазақстан» орталық алаңында өткен думанды шарада ұлттық киім киген түрлі этнос өкілдері өз өнерлерін ортаға салып, арнайы ұйымдастырылған көрмеде ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Мерекелік бағдарлама «Жайқоңыр» ансамблінің орындауындағы «Адай» күйімен ашылды. Одан әрі қаладағы хореографиялық ұжымдар «Шаттық шашуы» биін билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қолдарына көк байрақ пен этностар эмблемаларын ұстаған жастар шеруі алаңға ерекше сән беріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Салтанатты бөлімде Беларусь, Финляндия және Мәскеу қаласындағы жерлестерімізден жолданған бейнеқұттықтаулар ұсынылды.
Мерекелік бағдарлама аясында ұйымдастырылған «Шеберлер қаласы» көрмесі этноқалашық форматында безендіріліп, алаңның екі қапталында орналасқан көрмелер әр этностың салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін жан-жақты таныстырды. Мұнда түрлі этностардың қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары, қолөнер бұйымдары мен ұлттық мұралары кеңінен паш етілді. Қонақтар қазақ, татар, өзбек, башқұрт, шешен және өзге де этностардың музыкалық аспаптарымен, ұлттық киімдерімен, тұрмыстық заттарымен және тағамдарымен жақын танысты. Тері, ағаш, киіз, тас секілді табиғи материалдардан жасалған бұйымдар әр ұлттың табиғатпен үйлесімді өмір сүру салтын көрсетсе, нәзік өрнектермен көмкерілген кестелер мен әшекейлер олардың рухани байлығынан сыр шертті.
Салтанатты жиында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин тұрғындарды мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар өкілдерін алғыс хаттармен марапаттады.
Марапат иелерінің қатарында «Арарат» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Вардгес Асатрян, «Азербайджан» этномәдени бірлестігінің белсендісі Захра Гулиева, корей тілін үйрету курстарының ұйымдастырушысы Элина Кретинина, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің белсендісі Зелимхан Насаев, «Братство» славян этномәдени бірлестігінің өкілі Алина Сурдейкина, «Дустлик хайот» өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Баходир Хайдаров, «Ассамблея Жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Айдос Хамитов және «Шатлык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің белсендісі Мунир Шагиахметов бар.
Іс-шара аясында жүзеге асқан ерекше жобалардың бірі — «Бір шаңырақ астында» арт-нысаны. Бұл бастама Жастар бастамаларын дамыту орталығы және «Ассамблея жастары» ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды. Мереке барысында қала әкімі мен тұрғындар арт-нысанға өз тілектерін жазып, бейбітшілік пен достықты бейнелейтін суреттер салды.
Мерекелік кештің концерттік бағдарламасы да мазмұнды өтті. Елордадан келген әнші Садиг Намазов, «Қадыр» лезгинка мектебінің өнерпаздары, Павлодар қаласынан «Нұр» би ансамблі, сондай-ақ, Шолпан Ақылбек өнер көрсетті. Сонымен қатар «Арман», «Самұрық», «Славяночка», «Шатлык» шығармашылық ұжымдары, қаламыздағы «Нұр шашу», «Очарование» және «Асыл әжелер» ансамбльдері де мерекеге белсене қатысты.
Мерекенің жарқын жалғасы ретінде дәстүрлі «Бірлік марафоны» ұйымдастырылды. Спорттық шараға өңірден 400-ден астам адам қатысып, алаңға ерекше серпін берді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен 500 метрлік жүгіруге 60-тан астам қатысушы қатысып, жоғары белсенділік танытты.
Жарыс қорытындысында ерлер арасында І орынды Марлен Әлиманов, Аман Байтенов, Адай Берекетов, Станислав Корнюшин және Арман Қонақбаев иеленді. ІІ орын Константин Тиханович, Мұрат Омаров, Ахмет Керейбаевқа бұйырса, ІІІ орынды Сайхан Жемухаев, Арман Байгереев, Мұратбек Олжатай және Жәнібек Алпысбаев еншіледі. Қыздар арасында І орын Екатерина Малугина, Құралай Ибраева, Александра Гордееваға берілді. ІІ орын Зарина Әкімжанова, Анар Насибуллина, Гауһар Бегімоваға, ал ІІІ орын Кристина Узунова, Елена Белеева және Тамара Усмановаға және т.б табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер шара соңында дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ділназ Серікбай





