Екібастұз қалалық мәслихатының әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының жай-күйі қаралды.
Отырысқа қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев, мәслихат депутаттары, сондай-ақ, қала колледждерінің басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Қ. Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен-техникалық колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Меруерт Құсайынова баяндама жасап, оқу орнында атқарылып жатқан тәрбие жұмыстарына кеңінен тоқталды.
Баяндамашының айтуынша, колледжде азаматтық-патриоттық тәрбие, профилактикалық жұмыстар, волонтерлік қызмет және студенттік өзін-өзі басқару жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ішкі есепте тұрған студенттермен жеке жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, жатақханадағы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға басымдық берілген: студенттер спорт секцияларына қатысып, мәдени және еріктілік іс-шараларға белсенді араласуда.
Сондай-ақ, 2025–2026 оқу жылында ERG компаниясының қолдауымен колледждің өндірістік корпусына 16 миллион теңге көлемінде жөндеу жұмыстары жүргізілгені айтылды.
Жиын барысында депутаттар тарапынан бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Атап айтқанда, түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға құлықсыздығы, сондай-ақ, жастардың қалалық жобалар мен бастамаларға қатысу белсенділігінің төмендігі сөз болды. Сонымен қатар, кейбір студенттердің елде қалуға ниет танытпайтыны да алаңдаушылық туғызатыны айтылды. Осыған байланысты жастармен түсіндіру және мотивациялық жұмыстарды күшейту, кәсіби бағдар беруді жетілдіру қажеттігі атап өтілді.
Колледж өкілдері бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты жанындағы колледж директоры Жанна Баграмова соңғы үш жылдағы түлектерді жұмыспен қамту көрсеткіштеріне тоқталды.
Оның мәліметінше, колледж түлектерін жұмыспен қамту көрсеткіші тұрақты түрде 100 пайызды құрап отыр. Мәселен, 2023 жылы 154 түлектің 117-і жұмысқа орналасып, бірқатары жоғары оқу орындарына түссе, қалғаны декреттік демалысқа шыққан немесе әскер қатарына шақырылған. 2024 жылы бітірушілер саны 220 адамға дейін өсіп, олардың да толықтай жұмыспен қамтылуы қамтамасыз етілді. Ал 2025 жылы 236 түлектің 151-і жұмысқа орналасып, 59-ы оқуын жалғастырған, сондай-ақ, әскерге шақырылғандар мен өзге себептермен уақытша еңбекке тартылмағандар бар.
Жиын қорытындысында комиссия мүшелері қазіргі заман талабына сай жастарға жақын, жаңа форматтағы креативті тәсілдерді енгізу қажеттігін атап өтті. Осы бағыттағы жұмысты жетілдіру мақсатында отырыс соңында бірқатар нақты ұсынымдар қабылданды.
Ділназ Серікбай



