STEAM – болашаққа бастар жол
№21 ресурстық орталықтың STEAM-білім беру бағытын таңдағанына бірнеше жыл болды. Ғылым, технология, инженерия, өнер және математиканы біріктіретін бұл пәнаралық тәсіл бүгінде балабақша бүлдіршіндерінің жан-жақты дамуына тың серпін беріп отыр. Аталған бағыт балалардың шығармашылық, сыни ойлау, зерттеу қабілеттерін жетілдіріп, өмірде кездесетін нақты мәселелерді шешуге бейімдейді.
STEAM-білімнің басты ерекшелігі – теорияны тәжірибемен ұштастыру. Бүлдіршіндер көп нәрсені өз қолымен жасап, ізденіп, нәтижеге жетуді үйренеді. Мұндай тәсіл олардың дербестігін арттырып, кез келген жағдайдан шығу жолын табуға баулиды.
Балабақша меңгерушісі Т. Шмидттің айтуынша, STEAM тәсілі балаларға ғылым мен өнердің өзара байланысын терең түсініп, болашақта бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуға көмектеседі. Соңғы жылдары робототехникаға қызығушылық танытқан балалар саны айтарлықтай артқан.
– Біз бұл бағытта балаларды үйретіп, республикалық, халықаралық байқауларға қатыстырып жүрміз. Бүлдіршіндеріміз әрдайым жоғары деңгейде өнер көрсетіп, намысты қолдан бермей келеді. Жетістіктеріміз аз емес, – дейді мекеме басшысы.
Бүгінде балабақшада тәрбиеленіп жатқан 300-ге жуық баланың 200-ден астамы робототехника сабағына тұрақты қатысады. Аталған істің жүзеге асуына «Проммашкомплект» ЖШС демеушілік танытып, заманауи робототехника құрал-жабдықтарымен қамтамасыз еткен.
Балаларға робот тілін үйретіп жүрген – қосымша білім беру маманы Елена Ефимцева. Ол бүлдіршіндерді 3 жастан бастап LEGO құрастыруға баулиды. Алғашында ірі бөлшектермен жұмыс істеген балалар уақыт өте келе ұсақ әрі электронды бөлшектерді меңгеріп, күрделі жобалар жасауға көшеді.
Білімпаз балалардың шығармашылық жұмыстарын көрсету үшін әдіскер Бибігүл Абдығазинова мен Елена Ефимцева топтарды аралап көрсетті.
Сабақ барысында балалардың қиялына шек жоқ. Бір жолы археология тақырыбындағы жоба аясында олар музейге барып, алған әсерін ерекше форматта жеткізуді ұйғарған. Нәтижесінде музейдегі жәдігерлер туралы ақпарат беретін роботтар жасап, тұтас бір интерактивті алаң құрастырған. Бұл жоба байқауда жоғары бағаланды.
Бүгінде балабақша тәрбиеленушілері түрлі деңгейдегі роботтарды еркін құрастыра алады. Олардың қатарында жол көрсететін шағын құрылғылар, ұлттық ойындарды ойнайтын кейіпкерлер, ертегі айтатын роботтар, тіпті қазақ күресінің элементтерін орындайтын «палуандар» да бар.
Жас өнертапқыштар республикалық байқауларда да өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр. «Мен зерттеушімін» танымдық байқауында Ислам Садық, Ян Береговой, Сафия Смағұлова, Лана Апкаева «Археологиялық ойын: өткеннің ізімен» жобасын сәтті қорғады. Балалардың тақырыпты жақсы зерттегені көрініп тұр. Бірі бастаса, екіншісі жалғастырып әкетеді. Жоба жетекшілері – қосымша білім беру педагогы Елена Ефимцева, тәрбиеші Ұлмекен Тасқұлова.
«Техношаңырақ – болашақ мұражайы» жобасы да тың идеяларымен ерекшеленді. Жобаны Латиф Ахмет, Әлішер Шакенов, Полина Лоренц, Әлім Әди таныстырды. Мұндағы роботтар қозғалыс датчигімен жетілдірілген. Тәрбиеші Татьяна Чумаченко балалардың дайындығын тексеріп отырады.
Сонымен қатар, «Робот-көмекшілер» жобасында балалар ата-аналарымен бірге энергия үнемдеу жолдарын зерттеп, өз нұсқаларын ұсынған. Жобаны Теона Хабибулина, Агзам Пулатов қорғап шықты. Бұл – болашақ энергетиктердің алғашқы жобасы.
Бұл жетістіктердің бір қыры – ата-аналардың белсенді қолдауы. Бүгінде көптеген ата-ана баласының қызығушылығын дамытуға ерекше мән береді. Тіпті үйде бірге LEGO құрастырып, жобаларды талқылап, байқауларға бірге дайындалатын отбасылар да бар. Мұндай қолдау балалардың өзіне деген сенімін арттырары сөзсіз.
Балабақшадағы зерттеу жұмыстары тек робототехникамен шектелмейді. Халықаралық «Steam форматындағы сүт» жобасында «Сүт сарапшылары» командасы бірнеше ай бойы сүт өнімдерін дайындауды үйреніп, арнайы STEAM-сөздік те әзірлеген.
Қазіргі таңда үш команда «RoboBalapan – 2026» республикалық байқауына қатысып, «Сүттің пайдасы неде?» (қатысушылар: Әлім Айткенов, Мирон Михайлов, Злата Ефимцева, Стефания Цыбанева) және «Еңбекқор аралар: бал қайдан келеді?» (қатысушылар: Айла Асқарбекова, Дана Садық, Омар Мейрамов, Арайлым Шүкірбай) тақырыптарында зерттеулер жүргізуде.
Балабақшадағы тағы бір маңызды нәрсе – сабақтастықтың сақталуы. Осы балабақшадан түлеп ұшқан балалар №23 және №35 мектептерінде білімін жалғастырып, робототехникамен айналысуды тоқтатпаған. Олар бұрынғы ұстаздарымен байланысын үзбей, тіпті кейде бірлескен жобаларға қатысып, тәжірибе алмасып тұрады.
STEAM-білім беру – болашақ талабы. Осындай бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отырған балабақша ұжымы мен қолдау көрсеткен ата-аналар – білімді, ізденімпаз, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосып жүр.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ








