Шідерті кентіндегі қала әкімінің есептік кездесуінде тұрмыстық сұрақтар көп болды. Әсіресе, автобанның арғы жағындағы Шідерті станциясы елді мекенінің тұрғындары ауыз су мен жолға қатысты шағымдарды қарша боратты.
– Ауыз суға жарымай отырмыз. Өзіміз харакет етіп құбыр тартуға бел будық. Жұмысты атақаруға техника қажет болып тұр. Соған көмек көрсетсеңіз, – деді Жанаргүл Тимохина.
Негізі ауыз су мәселесі бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Қала әкімдігінің құрылыс бөліміне орталықтандырылған ауыз су құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жүктеліпті. Құжаттама дайын болған соң республикалық бюджеттен жобаға қаржы сұралады. Ал әзірге өз беттерінше су құбырын тартып алуға қамданғандарға техникамен көмек көрсетілетін болды.
Шідерті станциясы көшелерін асфальттау жоспарда жоқ. Шағыл тас төсеп тегістеу қарастырылған.
– Қиыршық тас карьеріне жүк көліктері біз арқылы қатынайды. Толассыз жүретін көліктерден көтерілген қою шаңнан тұншығып отырмыз. Сонымен қатар, тасты үккенде шығатын шаң да станцияны тұмшалайды, – деп шағынды станция тұрғыны Еркін Сейілханұлы.
Негізі қиыршық тас карьері экологиялық талаптарды сақтауға міндетті. Осы орайда, қала әкімі Аян Бейсекин жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Дауылбаевқа мәселені зерделеуді тапсырды. Нәтижесі қалай боларын уақыт көрсетеді.
Шаң мәселесін Шідерті кенті тұрғыны Лоло Садвакасова да айтты. Жол пайдалану басқармасының жүк көліктері де маңайдағы үйлерді жүрген сайын шаңға көмеді екен. Қала басшысы Аян Уахитұлы аталмыш ұйым басшысы Қайрат Басаровты орнынан тұрғызып, жолға су шашып отыруға міндеттеді. Айтпақшы, мұндай арнайы техника басқармада бар көрінеді.
Есептік кездесуде басқа да бірқатар ұсақ-түйек мәселе сөз болды.
– Мұндай мәселелерді кент әкімі сіздермен бірлесіп шешуі тиіс, – деген қала әкімі Аян Бейсекин кент әкімі Алмас Насиковке халықпен тығыз байланыс орнатуды тапсырды.
Жалпы, Шідерті кентінде былтырғы жылы елді мекенді тұрмысқа қолайлы ету үшін біраз игі іс атқарылғанын айта кету ләзім. Енді биыл жаз кентте өрт сөндіру бекеті мен ветеринарлық бекет құрылыстары жүргізіледі. Сонымен бірге, демеушілер көмегімен жазғы спорт кешенін реконструкциялау ойластырылуда.
Айтпақшы, кентке оңтүстік өңірден екі отбасы көшіп келіп қоныстаныпты. Кент әкімі екі отбасының еңбекке жарамды мүшелерін жұмыспен қамтамасыз етіпті.
Ж.Жәлелұлы



