Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің тұрғындармен кездесулері жалғасуда. Кезекті кездесу Төртқұдық ауылында өтті. Жиын барысында ауыл тұрғындары тарапынан айтарлықтай мәселе көтерілмей, халықтың жалпы жағдайға риза екені аңғарылды. Кездесуде бар болғаны бір ғана сауал қойылды.
Сөз алған Төртқұдық ауылының тұрғыны, ІІІ топ мүгедегі Ғалымжан Смақаев ауыл ішінде жеңіл жұмыс табылса деген өтінішін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі зейнетақысы күнкөріске жеткіліксіз.
Аталған мәселеге қатысты Төртқұдық ауылдық округінің әкімі Жанар Уалинова түсініктеме берді. Оның сөзінше, ауылда ұсынылатын бос жұмыс орындары негізінен күзетшілік қызметпен шектеледі. Алайда мұндай жұмыс белгілі бір деңгейде денсаулық пен физикалық дайындықты талап етеді. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі назардан тыс қалмайтыны атап өтілді.
Кездесу барысында қала әкімі Аян Уахитұлы бірқатар тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен сауалдарына жауап берді.
Айта кетейік, құрамына Бозшакөл мен Төртқұдық ауылдары кіретін ауылдық округте 465 адам тұрады. Елді мекенде мектеп, ауылдық клуб, медициналық пункт, кітапхана және балаларға арналған шағын орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, ойын және спорт алаңдары, хоккей алаңы бар. Ауыл шаруашылығы да дамып келеді. Бүгінде 28 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
– 2025 жылы округте бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 87 млн теңгеге ауылға кіреберіс 1,5 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар, «Kaz Minerals Bozshakol» кәсіпорны дамбыларға бөгет жасау үшін 50 млн теңге бөлді. Бұл мәселе соңғы үш жыл бойы өзекті болып келген еді, – деді ауылдық округ әкімі Жанар Уалинова.
Биыл да жоспарланған жұмыстар аз емес. Ауыл ішін жарықтандыру аясында қосымша 80 жарықшам орнатылмақ. Сондай-ақ, шілде айының соңына дейін 4 шақырым ауылішілік жолға қиыршық тас төселеді. Бұл жұмыстарға да демеушілік қолдау көрсетіледі.
Білім беру нысандарында да жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Төртқұдық мектебінің жылу қазандығындағы құбырлар жаңартылмақ.
Ділназ Серікбай





