Тұрмыс түзу болса, адамдардың көңіл-күйі де көтеріңкі болады емес пе. Қала әкімінің есептік кездесуіне ертерек жиналған Шиқылдақ ауылы ер азаматтарының сыртта қауқылдаса әңгімелесіп, көктемгі тіршілікті сөз етісуінен-ақ шаруаның рет-ретімен жүріп жатқандығы сезіліп тұрды.
– Жағдайымыз жақсы. Ауыл әкімі Гүлнәр Еңсебаева бас болып мәселелер шешімін тауып жатыр. Екібастұз қаласына да жұмыс бабымыз қатынаймыз. Шаһар жыл өткен сайын көркейіп келеді. Жаңа кәсіпорындар ашылып, өндірістік қуаты артқанын байқап жүрміз. Серпінді жобалардың жүзеге асуы жергілікті атқарушы биліктің де еңбегі екені анық, – деп, клубтағы жүздесудегі сөзін ризашылық білдірумен бастаған ауыл тұрғыны Данияр Есенов ары қарай көкейінде жүрген мәселеге көшіп, елді мекенде жазғы техникалық су құбыры тартылса деген тілегін жеткізді.
Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетелік, бұрын Шиқылдақта мұндай су құбыры болған екен. Алайда сонау жылдары орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізілген соң, ескі құбыр жарамсыз болып қалыпты.
– Бау-бақша өсіру үшін су қажет екенін білемін. Бірақ техникалық су құбырын тарту жоспарда жоқ. Бақшаны суарудың өзге амалын қарастырып көру керек. Ұңғыма қазып, сорғы орнатса болады емес пе. Көкөністі ауыз су құбырынан суаруға болмайды. Олай ету ауыз су тапшылығын тудырады, – деді қала әкімі Аян Бейсекин.
Ерте көктемде қарғын судың елді мекенге кіреберіс жолды бүлдіріп кеткенінен оқырман хабардар. Қазіргі уақытта жол асар әдісімен қалпына келтіріліп жатыр. Аталмыш жұмысты ірі кәсіпорындардың көмегімен «Екібастұз сервис» ЖШС атқаруда. Осы орайда, зейнеткер Иманғали Құспеков уақытты оздырмай шұғыл іс-әрекет етуге ұйытқы болған қала әкімі Аян Бейсекинге ауылдастары атынан алғыс айтты. Сонымен бірге ол ауыл азаматтарының ортақ қаражат шығарып, күш жұмылдырып, ескі су өткізгіш сақиналарды бөгенге орнатуды қолға алғанын тілге тиек етіп, көмек сұрады. Қала басшысы ауыл әкімі мен «Екібастұз сервис» ЖШС басшылығына мәселені келісе отыра шешуді тапсырды.
Айтпақшы, кіреберіс жолды жөндеу жұмыстары алдағы бір апта ішінде аяқталады. Содан соң асфальт жабындысы төселеді.
Ж.Бұланбай



